Төрт бірдей прокурордың «тұрақты» орынбасары басқа қызметке ауысты -кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Бас прокуратурада күтпеген ауыс-түйіс болды. Төрт бірдей прокурордың бірінші орынбасары болған Иоган Меркель басқа қызметке кетті. Қарағанды облысында бірқатар тағайындаулар орын алды. «Атамекен» палатасы да бірнеше басшыны ауыстырды. Ал "Барыс" клубында ағайынды Корешковтардың «дуэты» бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

***
Аптаның ортасында Мемлекет басшысының өкімімен Иоган Давидович Меркель басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Аталған қызметті Меркель мырза 2008 жылдан бері атқарып келді. Сол уақыттан бері Бас прокурор үш рет ауысты. Меркельдің өзі Рашид Түсіпбековтің кезінде тағайындалды. Одан кейін осы лауазымдағы Қайрат Мәмимен, Асхат Дауылбаевпен бірге еңбек етті. Сондай-ақ Иоган Меркель  қазіргі Бас прокурор Жақып Асановтың бір жылдан астам уақыт  бірінші орынбасары болды. Сөйтіп, төрт бірдей басшымен қызметтес болған «тұрақты» орынбасар Конституциялық Кеңесінің мүшесі болып ауысып кетті. Бұған дейін Николай Васильевич Белоруков өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кеңес мүшесі қызметінен босатылған еді.

***

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің бұрынғы төрағасы Бекен Сейдахметов ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының тұрақты хатшылығы тұрақты өкілдігінің басшысы (Ұлттық хатшысы) болып тағайындалды. Естеріңізге сала кетсек, мамыр айының басында Бекен Сейдахметовтің отставкаға өтініш жазғаны белгілі болған еді.

Ал Балықбаев Қайрат Тәкірұлы ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі кызметіне тағайындалды. Қайрат Балықбаев 1982 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2003 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, 2005 жылы - Халықаралық бизнес академиясын, 2009 жылы  Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды тәмамдаған. Экономист, экономикалық кибернетика, мұнай-газ ісі, менеджмент салаларында біліктілікке ие.

***
Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары қызметіне Анатолий Шкарупа тағайындалды. Бұған дейін ол Саран қаласының әкімі болған.  Ал оның орнына Октябрь ауданының әкімі қызметін атқарып келген Ержан Темірханов жайғасты. Ержан Темірханұлы 1980 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Біріншісі, заңгер мамандығын Қарағанды заң институтында 2002 жылы алған. Ал 2007 жылы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Қаржы» мамандығын алған. Өзінің еңбек жолын ол 1997 жылы Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінде бастаған. 2005-2008 жылдар аралығында «Терма-Ақсай» құрылыс компаниясының басшысы қызметін атқарған. 2013-ші жылға дейін Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, сонан соң Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2013-ші жылдан бастап - Октябрь ауданының әкімі. Саран қаласы әкімінің орнына Ержан Темірхановтың кандидатурасын жергілікті мәслихат депутаттары бірауыздан құптады.

***
Сондай-ақ осы аптада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының шешімімен Шәкербек Мәріпбек Шәкербекұлы Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры қызметіне тағайындалды. Атырау кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесін енді Әлия Бекқұжиева басқарады. Әлия Бекқұжиева - Қазақстанға танымал іскер әйел және қоғам қайраткері. Ол 20 жылдам астам кәсіпкерлік салада қызмет етіп келеді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы лауазымына Батырхан Құрмансейіт тағайындалды.

***

Осы аптада Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы  басшысының міндетін атқарушы болып Қамалжан Надыров тағайындалды. Қамалжан Надыров Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің түлегі (2000-2006), «Тұран» университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған (2006-2009), Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің магистратурасында «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын меңгерді.

Астанадағы тағы бір ауыс-түйіс спорт саласында болды. «Барыс» хоккей клубының бас бапкерлігіне Евгений Корешков тағайындалды. Оның көмекшілері - Ғалым Мамбетәлиев, Андрей Шаянов, Александр Ахцигер, Алексей Кузнецов пен Сергей Тамбулов.

 Айта кеткен жөн, бұған дейін клубтың президенті де ауысқан еді. Бұған дейін аталған қызметті Евгений Корешковтың ағасы - Александр Корешков атқарып келген.

 

Соңғы жаңалықтар