«Тобыл» көкшетаулық клубты ірі есеппен ұтты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстан чемпионатының 31 турында қостанайлық "Тобыл" Көкшетаудың "Оқжетпесін" қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null 

null

Төреші ысқырығы естілісімен "Тобыл" ойыншылары қарсыластар қақпасына лап қойды. Небәрі 1-минутта Жасұлан Молдақараев "Тобыл" командасын алға шығарды. Алаң иелері бірінші таймның ширек бөлігіне дейін ойын қарқынын түсірген жоқ. Жылдам гол соғып алған Евдокимов шәкірттері әлсін-әлсін шабуылдар ұйымдастырды. Мұнан соң олар тағы да есепті еселеді. Сол қапталда атой салып жүрген Дидар Жалмұқан Алексей Щеткинге дәл пас берді. Соңғысы допты айып алаңына жалғады. Керек жерден табылған Эгон Вух қателеспеді. 2:0. Қостанайлықтар "Оқжетпес" ойыншыларының шабуылға шығуына мүмкіндік берер емес. Бұл ретте "Тобылдың" қос қапталдағы ойыншыларын айта кету керек. Бірде Жалмұқан, енді бірде Вух айып алаңындағы шабуылшыларды паспен қамтамасыз етуде. Тайм аяғына таман Эгон Вух өзінің екінші голына "көрімдік" сұрады. Ника Квеквескириден доп алған ол ойланбастан алыс бұрышқа тепті. Ал "Оқжетпес" қақпашысы Руслан Абжанов жылдам келген допты қайтара алмады. Таблодағы есеп тағы да өзгерді. Екінші таймда қостанайлық команда қорғанысқа көңіл бөлген секілді. Ойынның бірінші бөлігінде шабуылға дем беріп жүрген Артурас Жулпа қорғаушыларға жақын жүрді. Көкшеліктер сапынан Александр Козлов пен Тимур Досмағамбетов бір-екі рет алыстан соққы бағыттап көрді. Дегенмен, "Тобыл" қақпашысы Д.Непогодов қауіптің бетін қайтара білді. "Тобыл" құрамына Рауль Джалилов қосылды. Ол Дидар Жалмұқанды алмастырды. Тың ойыншы шығысымен тобылдықтар тағы да есепті арттырды. Алаң ортасынан басталған шабуылды Алексей Щеткин өрістетті. Ол бүгінгі ойынның үздік футболшыларының бірі Эгон Вухты қақпашымен бетпе-бет жіберді. Өз кезегінде вух допты айналдыра тепті. 4:0! Осы ойында үш голға мүмкіндік жасаған Алексей Щеткин қанжығасын майлар мүмкіндікке ие болды. Әттең, оның соққысы қақпа бағанасынан серпіліп, кейін қайтты.Сәлден соң алаңға жаңа қосылған Аздрен Луллаку сөз алды. "Оқжетпес" қорғаушыларын алдап өтіп, Жасұлан Молдақараевқа пас берді. Бірақ, шабуылшыға дәлдік жетіспеді. Көкшетаулық жігіттер есеп айырмасын қысқартты. Сергей Кейлер берген допты қостанайлық жанкүйерлерге жақсы таныс Олег Недашковский голға айналдырды. Ары қарай ойын қарқыны бәсеңдеді, "Тобыл" матч аяғына дейін допты өздерінде ұстады.

null 

null 

null 

Осылайша, қостанайлық ұжым көптен күткен жеңісіне қол жеткізіп, төртінші сатыға көтерілді. Келесі ойын Қарағандыда өтеді.

Соңғы жаңалықтар