Террорлық ұйымдардың жас қыздарды Интернет арқылы өз қатарына шақыруы алаңдатып отыр - БҰҰ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ДАИШ», «Боко харам» және «Аш-Шабааб» секілді террорлық ұйымдар Интернет, әлеуметтік желілер арқылы өз идеологияларын тарату, қаржы жинау жұмыстарын жүргізіп отыр. Көрші Қырғыз елінен шыққан лаңкестердің 20 пайызы әйелдер.

Мұндай мәліметті бүгін Алматыда басталған «Террористік және өзге де трансұлттық сипаттағы қылмыстарды жасау мақсатында Интернет желісін пайдаланумен байланысты істерді қылмыстық қудалау және сотта қарау практикасы» тақырыбындағы аймақтық семинарда БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының өкілі Ольга Зудова келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ольга Зудованың айтуынша, ДАИШ аумағына әйелдерді, қыз-келіншектерді тарту әрекеті бүгінде белсенді жүріп жатыр.

«Әйелдер террорлық қозғалыстарда маңызды рөл атқарып жүр. Мәліметтер бойынша, Еуропадан 550 әйелдің ДАИШ бақылауындағы аумаққа өтіп кеткенін білдік», - деді ол.     

Ольга Зудова баяндамасында террорлық ұйымдар Интернет, әлеуметтік желілерді белсенді пайланып отырғанын жеткізді.

«Соңғы уақытта Интернет арқылы терроризмді үгіттеуші әйелдердің қатары артып келе жатқаны алаңдатады. Олар жас қыздарды өз мақсаттарына пайдалану үшін қатарларына тартып жатыр» деген Ольга Зудова көрші Қырғыз елінен шыққан лаңкестердің 20 пайызы әйелдер екенін айтты.

Сонымен қатар, аймақтық семинарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі комитетінің төрағасы Раймонд Мурмокайтенің 2015 жылдың 15 желтоқсанында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі төрағасына жолдаған хатындағы мәліметтерді жария еткен Ольга Зудова өз баяндамасында шетелде қазақстандық 300 содыр соғысып жүргенін айтты.

Оның айтуынша, шет елдерде Әзербайжаннан 271, Қазақстаннан 300, Қырғыз елінен 350-ден астам, Ресейден 2 700, Тәжікістаннан 300, Өзбекстаннан 200-300 содыр жүр.

Айта кетейік, бүгін Алматыда БҰҰ Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының (ЕҚБ) «Ауыр және трансұлттық сипаттағы қылмыстардың алдын алу және олармен күрес мақсатында мемлекеттердің әлеуетін нығайту» атты ғаламдық бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның Жоғарғы соты мен БҰҰ ЕҚБ-ның ұйымдастыруымен аймақтық семинар басталды. Семинар үш күнге созылады. Жиынға Қазақстан, Ресей, Израиль, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанның Жоғарғы және басқа да соттарының судьялары және сарапшылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар