Теннис: Зарина Дияс Уимблдонның негізгі турниріне жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Уимблдонның негізгі турниріне шақырту алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, З.Дияспен бірге сондай-ақ Ұлыбритания елінің өкілдері Хитер Уотсон, Лора Робсон, Наоми Броэди және Кэти Боултер негізгі турнирдің жолдамасына («уайлд-кард») ие болды. Яғни олар іріктеу сайыстарына қатыспастан, бірден негізгі турнирде бақ сынайды.

Әлем чемпионатымен тең саналатын «Үлкен дулыға» жарысының бірі - Уимблдон турнирі 3-16 шілде аралығында өтеді. 2014 жылы З.Дияс осы турнирдің төртінші айналымына дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, өткен аптада Зарина Дияс Манчестер турнирінің жеңімпазы атанып, соның нәтижесінде дүниежүзілік рейтингте 133-інші орынға шыққан еді. Содан кейін Илклей турнирін де сәтті бастап, әлемнің 47-інші ракеткасы, франциялық Осеан Доденді ұтқан Зарина кеше, өкінішке қарай, рейтингте 103-інші орында келе жатқан бельгиялық Алисон ван Эйтванкке үш партияда есе жіберді. Дегенмен Зарина Диясқа енді Уимблдон турниріне еш алаңсыз дайындалуға мүмкіндік туып отыр.

Соңғы жаңалықтар