Теннис: Бублик Делрэй Бич жарысының негізгі турниріне жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Делрэй Бич (АҚШ, Флорида) турнирінің іріктеу сайысын сәтті өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Әлемнің 129-ыншы ракеткасы А.Бублик іріктеу жарысының финалында Барбадос елінің өкілі, дүниежүзілік рейтингте 171-інші орында тұрған Дэриан Кингпен кездесті. 2 сағат 22 минутқа созылған аса тартысты матчта қазақстандық теннисші 7:6 (8:6), 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, А.Бублик 19 ақпан күні басталып, 25-і күні мәреге жететін Делрэй Бич жарысының негізгі турниріне жолдама алды. Жүлде қоры 622 675 АҚШ долларына бағаланған бұл турнирдің өткен жылғы жеңімпазы - америкалық теннисші Джек Сок. Ол биыл осы жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген. А.Бубликтің қарсыласы кейін анықталады.

Сонымен қатар Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Дубай турнирі іріктеу сайысының финалына шықты. Ол ресейлік спортшы, дүниежүзілік рейтингте 237-інші орында тұрған Вероника Кудерметованы 6:0, 7:5 есебімен ұтты. Зарина финалда іріктеу сайысының 2-інші, әлемнің 40-ыншы ракеткасы, украиналық Леся Цуренкомен шеберлік байқасады. Осы матчта жолы болса, онда Дубайдың (жүлде қоры - 733900 АҚШ доллары) негізгі турниріне шығады. Бұл турнир 24 ақпанда аяқталып, жеңімпаз белгілі болады. 

Соңғы жаңалықтар