Таяу Шығыс елдерінің АҚШ-тың Сирияға әскери соққысына көзқарасы қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - АҚШ қарулы күштері Сирия үкіметтік жасағының әскери базасы орналасқан Хомс провинциясы аумағын 59 зымыранмен атқылаған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Таяу Шығыс елдерінің бұл шабуылға қатысты пікірлерін зерделеп көрген болатын.

Айта кетерлігі, бүгін АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонның Сирияға қарсы таяудағы әскери іс-қимылына байланысты Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдель Азиз аль Саудқа қоңырау шалды. Телефонмен сұхбаттасу барысында Т.Трамп  Сауд Арабиясы короліне 59 жоғары дәлдікті басқарылатын зымыран ұшырғандығын және олар Сириядағы Шайрат аэродромына дәл тигендігін айтты. Батыс сарапшыларының пайымынша, аталған әскери нысаннан 4 сәуір күні Сирияның үкіметтік әскери химиялық қаруды пайдаланып шабуыл жасаған.

Мысыр Президенті А.Аль Сиси ағымдағы жылдың наурызында Д.Трамп әкімшілігі Ақ үйге ресми сапармен келуге шақырту алған бірінші араб көшбасшысы болып отыр.

Америкалық әуе соққысынан  кейін Мысыр АҚШ пен Ресейге «жанжалды тоқтатып», сириялық дағдарысты түбегейлі шешуге қол жеткізуге шақырды.

АҚШ-тың әскери әрекетін Бахрейн де қолдап отыр. Бұл елдің Сыртқы істер министрі «мұндай қадам зорлық-зомбылықты және жаппай қырып-жою қаруын таратуды тоқтату үшін қажет» екендігін мәлімдеді.

Иран басшылығы болса АҚШ-тың бұл әрекетіне наразылық білдіріп, Сирияның әскери нысанына жасалған соққыны «деструктивті әрі қауіпті» деп бағалады. «Біз барлық біржақты әскери іс-қимылдарды және АҚШ әскери кемелерінен жасалған зымыран соққысын айыптаймыз», - деді Иран СІМ-нің  ресми өкілі Баграм Хассеми.

Жалпы, бүгінде сириялық текетіресте ресми Дамаскінің ең жақын серіктесі Теһран мен Мәскеу болып  отырғаны белгілі.

Ал Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху  өз кезегінде ресми Тель-Авивтің АҚШ әрекетін толықтай қолдайтындығын, «мұндай шаралар тек Сирияның ғана емес сонымен бірге Иран және КХДР-дің басшылығна да әсер етуі тиістігін» баса айтқан.

Айта кетейік , бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өрши түсуіне байланысты өзінің алаңдаушылығын білдірді. Сонымен қатар қақтығыстың одан әрі өршуі және тараптар ұстанымдарының қатаңдануы халықаралық қоғамдастықтың террористік қауіпке қарсы күрес бойынша бұрын қол жеткізген барлық, оның ішінде Женева және Астана процестері шеңберіндегі уағдаластықтарына қауіп төндіретіндігін және Сирия жерінде барлығын қамтитын бейбітшілік пен келісімге жету перспективасын алыстататындығын атап өткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар