Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ішкі істер министрі «Құрмет» орденімен марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеугеарналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Шараға Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, министрліктің басшылық құрамы, ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлері, сонымен бірге Қазақстан полициясының қалыптасуы жылдарында ІІМ-нің бірінші басшысы және олардың орынбасарлары қызметін атқарған тұлғалар қатысты.

Министр өз сөзінде Елбасымыздың көреген саясаты арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне ретінде қалыптасып, экономикасы дамыған бәсекеге қабілетті елге айналғанын атап өтті. Одан әрі тұрақты даму үшін елімізде сенімді құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту және азаматтардың конституциялық құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз ету қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Осы ретте ішкі істер органдарына артылар міндет зор. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ІІМ-нің жүйесі жан-жақты дамып, жетілу үстінде болды. Полиция қызметкерлері талай қиын сынақтарды бастан өткеріп, шыңдалды. Соның нәтижесінде ішкі істер органдары еліміздегі мемлекеттік биліктің сенімді тірегіне айналды.

Бүгінде қазақстандық полиция тарихында талай батырлық пен ерлікке толы оқиғалар болды. Соның айқын бір дәлелі - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан күні-бүгінге дейін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1246 қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. Оның 108-іне бұл марапат қаза тапқаннан кейін берілді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілсе, полковник Қайрат Үмбетов бұл атаққа ерлікпен қол жеткізіп, кейінгілерге шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында 946 полицей қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, 2353 қызметкер жараланды.

Салтанатты іс-шарада Қалмұханбет Қасымов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ішкі істер министрлігін басқарған Қайырбек Сүлейменов, Болат Ысқақов және бұрынғы министрдің орынбасарлары Василий Симачев, Иван Отто, Николай Власов, Қожамұрат Өскембаевты арнайы марапаттап, жас мемлекеттің іргесін нығайтуға қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді. Олардың барлығы да Елбасының Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен, ІІО-ның ардагері Кемел Жұмашев «Парасат» орденімен наградталды.

Сондай-ақ, әскери және қызметтік міндеттерін адал орындап жүрген, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғаудағы ерлігі мен қайсарлығы үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ардагерлері марапатталды. Оларға Елбасының арнайы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, І дәрежелі «Даңқ» ордені және «Ерлігі үшін» медалдары табыс етілді.

Ведомстволық наградалар және грамоталарға ішкі істер органдарының 828 қызметкері ие болды.

Іс-шараның соңы ІІМ Мәдениет орталығы әншілері мен Ұлттық ұланның ән-би ансамблі дайындаған мерекелік концертке ұласты. 

Соңғы жаңалықтар