Тасқын судан кейін үйінің іргетасы сөгілген ақтөбелік әкімдік жағалап жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқынынан кейін 95 үй тұруға жарамсыз болып қалды. Іргетасы сөгіліп, бағалаушылардың шешімімен үйі тұруға жарамсыз деп танылған ақтөбелік Ақтөле Өтешова бір айдан бері әкімдік жағалап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде баспанасы қирап қалған адамдардың басым бөлігі үй салып жатыр. Оларға Қурайлы, Өрлеу, Сазды, Қызылжар ауылдарынан жер берілді. Бірақ ақтөбелік Ақтөле Өтешова бір айдан бері әкімдік жағалап, басшылардың жауабын ала алмай жүр. Ол да өзгелер сияқты жер алып, құрылыс материалдарына қажетті қаржыға қол жеткізгісі келеді. «Өзім «Актюбстрой-2» бау-бақша ұжымында тұрамын. Үйім сапалы кірпіштен салынғанымен суға кеткен соң іргетасы сөгіліп кетті. Бағалаушылар келіп, «тұруға жарамсыз» деген қорытынды шығарып, шешімнің бір данасын өзіме, екіншісін қалалық жер қатынастары бөліміне берді. Су үйдің шатырына дейін жетті. Үйде 7 адам тұрамыз. Немерем туа бітті жүрек ауруына шалдыққан. Қазір пәтер жағалап жүрміз»,-  деді Ақтөле Өтешова.

А. Өтешова екі айдан бері 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Балаларының жұмысы тұрақсыз. 2011 жылы салған үйі жарамсыз күйге түскен соң Өтешова арызын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолына ұстатты.

«Жер қатынастары бөлімінің мамандары үйді барып қарайды. Алдын-ала ештеңе айта алмаймын. Бағалаушылар бізге құлағалы тұрған үйлердің тізімін беріп жатыр. Біз сол бойынша жұмыс істеп, жер берудеміз. Бәрін комиссия шешеді», - деді қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.

 

Соңғы жаңалықтар