Тараз әлем чемпионы Зүльфия Габидуллинаны қарсы алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Мексикадан алтын медальмен оралған паралимпиада чемпионы Зүльфия Габидуллинамен салтанатты кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА  тілшісі Жамбыл облыстық әкімдігінің спорт және дене шынықтыру басқармасына сілтеме жасап.

Алматы - Ташкент республикалық тасжолында әлем чемпионын туыстары, достары мен жанкүйерлері плакаттармен күтіп алды.

Зүльфия Габидуллина - 2016 жылы өткен XV жазғы Паралимпиада ойындарының суда жүзуден әлем чемпионы, суда жүзуден халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, бірнеше дүркін әлем рекордшысы. Оның жаттықтырушысы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Тараз спорт клубының директоры, жүзуден ҚР ұлттық құрамасының бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы - Сәттар Бейсембаев.

2017 жылдың 2-7 желтоқсан аралығында Мехикода (Мексика) жүзуден мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 126 елден 900 спортшы, соның ішінде 55 елден 300 спортшы қатысты. Жүзуден Қазақстанның намысын сегіз спортшы қорғады. Олар алты медаль жеңіп алса, соның ішінде екі медальді жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллина қанжығасына байлады.

Зүльфия Габидуллина 50 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, оған Халықаралық Паралимпиада комитетінен 2017 жылғы Бүкіләлемдік жеңістер сериясы үшін арнайы награда табысталды.

Оның айтуынша, әлемнің барлық спортшыларының басын қосқан әлем чемпионатында алғаш рет «алтын» медаль жеңіп алу - ол үшін үлкен қуаныш.

«Бұл отандық жүзу тарихындағы алғашқы алтын, - деп атап өтті жамбылдық спортшының жаттықтырушысы Сәттар Бейсенбаев. - Бұған дейін біз алтын алған жоқ едік. Бұл чемпионатта біздің жүзушілер жақсы нәтиже көрсетіп, екі алтын бір күміс медальге қол жеткізді. Ерлер арасында екі күміс және бір қола бар. Біз оларды мақтаныш тұтамызмен мақтанамыз».

Еске салайық, Германияның Берлин қаласында тірек-қимыл аппараты мен көз жанарында ақауы бар спортшылар арасында өткен ашық чемпионатта Зүльфия Габидуллина ерекше көзге түсті. Ол финалда еркін стильде 200 метр қашықтыққа жүзу кезінде жаңа әлемдік рекорд орнатты, көрсеткіші - 03:26,65 секунд. Сонымен қатар, ол еркін стильде 100 метр қашықтыққа жүзу бойынша ең үздік көрсеткіш көрсетіп, 50 метр қашықтыққа шалқалап жүзуде екінші орынға ие болды.

Соңғы жаңалықтар