Талғат Қалиев: Елбасы мақаласындағы міндеттерді орындай алсақ, сенімді қоғам қалыптастыруға мүмкіндіктер туатыны хақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер алдымызға жүктелген міндеттерді жүзеге асыра алсақ, онда шын мәнінде бізде жаңғыруға, прогрессивтік, өзіне сенімді қоғам қалыптастыруға мүмкіндіктер туатыны хақ. Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына байланысты саясаттанушы Талғат Қалиев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ешқандай да әсірелеусіз, күшті мақала. Кез келген халық үшін нақты әрі анық бағыт, оған қол жеткізудің алгоритмдері қажет. Абстрактілі формулалар мен зор ұрандар емес, әр мақсатқа жетудің қарапайым әрі ұғынықты жолы қажет. Мемлекет - бұл компаниялар да, банктер де, зауыт-фабрикалар мен билік институттары да емес, мемлекет - бұл ұлт, қоғам және осының бәрін құрайтын адамдар.  Және бір іске жұмылдыратын бағыт болмаса, онда олар қоғам мен ұлт деуге де келмейтін бағдарсыз тобырға айналады», - деп жазады Талғат Қалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл ретте саясаттанушы көптеген мемлекеттердің дәл осындай жолдан өткенін алға тартады. Мәселен, оның сөзіне қарағанда, бүгінгі Түркия үшін бір кездері өзінің империялық пиғылынан бас тартып қана қоймай, ондай комплексті еңсеру керек болды. Ататүрк сол кезеңдердегі прогрессивтік еуропалық құндылықтарға жұртты күшпен дағдыландырып, оны санада ғана емес, тіпті күнделікті өмірде де енгізуге аса мән берді. Мәселен, еуропалық киім киюге де мәжбүрлеген. Жапон императоры да самурайлардың бұрымын қиып, атам заманғы ғұрыптардан құтылуға тырысқан. Қытай өзінің мәдени революциясын бастан өткерді.

«Бүгінгі күні осылардың барлығы өздерінің мәдени ерекшеліктері мен құндылықтарын әлемге танытқан табысты әрі заманауи ұлтқа айналып отыр. Түріктің кішіпейілдігі түрік әлеуетінің негізгі факторларының біріне айналды, жапонның қайсарлығы корпоративтік мәдениеттің негізіне енді, ал қытайлықтар төзімділігінің арқасында мемлекетін біртіндеп технология орталығына айналдырып келеді. Осының бәрінің өзегінде халықтың озық дәстүрлеріне, оның генетикалық және бірегей мәдениетіне негізделген, өзінің бірегей жетістіктер моделі, ұлттың жаңғырған санасы жатыр», - деп атап өтеді Талғат Қалиев.

Оның пайымынша, Елбасының ағымдағы Жолдауында жарияланған жаңғыртуды сананың жаңғыртуынсыз жүзеге асыру да мүмкін емес. Сондықтан да, салауатты, нақты бағдар ұстанған қоғам ғана кез келген экономикалық және саяси міндеттерге қол жеткізе алады.

«Негізгі әңгіме ұлтты жаңғырту туралы, біздің өзіміздің құндылықтар мен озық дәстүрлерімізге негізделген оның басты құндылықтары мен бағыттары туралы болып отыр. Біздің өзімізге де заманауи ұлттық мәдениет керек, жетістікті пайымдайтын өз жолымыз, оған жетудің жарқын әрі төте жолы қажет. Ұлттық идея абстрактілі, сосын оның қарапайым қадамдарын ұғынықты етіп бөлшектемесе, ол қол жетпейтін межеге айналуы да мүмкін. Бұл үшін қоғамның әрбір мүшесі өз орнын таба алатындай іс-қимыл жоспары керек», - деді Талғат Қалиев.

Іс-қимыл жоспарын айта келе, саясаттанушы бірінші кезекте адами капиталға, бәсекеге қабілетті ұлтқа арқа сүйеу қажеттігін еске салады. 

«Біздің шетелдегі қандастарымыздың жетістігінің өзі біздегі ұлттық әлеуеттің мейлінше бай екендігін көрсетіп отыр. Алайда, ендігі күні осындай тұлғалық жетістіктерді жалпыұлттық жетістіктерге қарай трансформациялайтын уақыт келді, тұтастай халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек. Егер біз алдымызға жүктелген міндеттерді жүзеге асыра алсақ, онда шын мәнінде бізде жаңғыруға, прогрессивтік, өзіне сенімді қоғам қалыптастыруға мүмкіндіктер туатыны хақ», - дейді саясаттанушы.

Соңғы жаңалықтар