Талдықорғанға табиғи газ сәуірде келеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанға табиғи газ сәуірде келеді. Бірақ тариф және қосылу құны әлі белгісіз. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына газ қостыру құнын 3-6 айға бөліп төлеу жеңілдіктері қарастырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдарбек Байжановтың айтуынша, Талдықорғандағы құны 23,4 млрд. теңге болатын  газ тарту жүйелерінің құрылысы 2016 жылдан жүргізіле бастаған. Жоба 4 кезеңге бөлінген, жалпы ұзындығы - 1,4 мың шақырым, 170 мың адамды, яғни 51 мың абонентті қамтиды деп жоспарланған. Магистралды газ құбыры мен «Талдықорған» АГТС-ты іске қосу жұмысы сәуірдің аяғында аяқталады. Облыстық бюджет есебінен газ тарату желісінің жалпы құны 4,5 млрд. теңге болатын бірінші кезеңінің құрылысы жүзеге асырылуда, бұл - 6 іске қосу кешені деген сөз. Өткен жылы 2,05 млрд. теңге игеріліп, 1, 2, 3 іске қосу кешендері салынып, 82,2 шақырым жүйе тартылған (100 %). Көгілдір отынды алғашқылардың бірі болып сәуірдің соңында Ескелді би, Балпық би, Абылай хан, Тынышпаев көшелерінде және «Қаратал» шағынауданында тұратын 2, 3 іске қосу кешендерінің  абоненттері тұтынатын болады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласын газдандыру тарихи оқиға екенін жеткізді. Сондықтан белгіленген мерзімге дейін тариф мәселесін айқындап, халық арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды.

«Талдықорғанға көгілдір отын жеткізу - мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан аса маңызды шара. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі дер шағында орындалуы тиіс. Оның ішінде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аудару қажет, - деп атап өтті А. Баталов.

Сонымен қатар өңір басшысы мердігер мекемелердің газдандыруға қатысты тиісті жұмыстарын атқарып болғанына қарай халыққа қолайсыздық туғызбау үшін жол жиектерін де бірден қалыпқа келтіріп отыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар