Талдықорғанда құны 540 млн АҚШ долларын құрайтын ірі жоба жүзеге асуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында жобалық құны 540 млн АҚШ доллары болатын жылу-электр орталығының құрылысына 80 гектар жер бөлініп, қазір нысанның техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.

Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс әкімдігі мен «Global Generation» ЖШС арасында аталмыш инвестициялық жоба бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Жиында осы жоба негізінде атқарылып жатқан шаралар пысықталды.

Облыс әкімінің орынбасары А. Байжановтың айтуынша, ЖЭО құрылысына қаладан 80,0 га жер бөлініп, 200 гектар жер қалдықтарды жинақтайтын орын үшін резервке қойылған. Қазіргі кезде жобалық топ құрылып, жобаны жүзеге асырудың жол картасы әзірленген. Қолға алынып отырған техника-экономикалық негіздеменің дайындалуы үшін мемлекеттің үлесі - облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылуы қажеттігі есептелген.

Осы жиында сөз алған «Global Generation» ЖШС акционерінің өкілі Рустам Баялиев жобалық топ апта сайын бас қосып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп отырса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар тиісті сараптау-талдау есеп-қисабын әзірлеу мақсатында облыстық тиісті құрылымдардан сұрататын қажетті ақпараттарды уақтылы ұсынып, қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың ағымдағы жайы туралы кеңінен баяндады.

Жалпы, бүгінгі күні облыс орталығын жылу жүйесімен қамтамасыз етіп отырған «Басқуат» қазандығының жүктемесі 90 %-ке жеткен. Талдықорғанда жыл сайын салынатын әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер санының өсуіне сәйкес бұл жүктеме әлі де арта түседі. Осыған байланысты көше ішілік қазандықтар да қайта жаңғыртудан өткізілген болатын. «Басқуаттың» үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына 40 жылға жуық уақыт болғанын ескерсек, жаңа ЖЭО-ның салынуы Талдықорған үшін экономикалық жағынан тиімді әрі қауіпсіздіктің кепілі болмақ. Құрылысы 4 жылға созылып, өзін-өзі 12 жылда ақтап шығады деп көзделген ЖЭО іске қосылғанда нысан 540 адамды жұмыспен қамтымақ. Орталықтың қуаттылығы 440 ГКал/сағ болады деп жоспарланып отыр.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов осы жобаны жүзеге асыруға жауапты мекемелер мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

«Біріншіден, өңір экономикасы үшін аса ірі көлемде инвестиция құятын, 500-ден астам жұмыс орнын ашатын, оған қоса қаланы жылумен және электрмен қатар қамти алатын мұндай аса ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға белсене кірісуіміз керек. Мемлекеттің осы жобаның жүзеге асырылуына мүдделілігін білдіретін кепілдік ретінде ТЭН үшін қажет соманы қарастырамыз. Осы іс барысында инвесторларға қажетті көмектің бәрін көрсетіп, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Ең алдымен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша келісімшартты жылдам әзірлеп, әр тарап - атқарушы орган мен инвестор өзінің нақты міндеттерін айқындап алуы қажет. Сіздерге осы жұмысты ширатуды тапсырамын. Атқарылған істер туралы маған апта сайын мәлімет беріп отыратын боласыздар», - деді А. Баталов.

Соңғы жаңалықтар