Сұйытылған газ өндірушілер шығынға тап болуда - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдан бастап сұйытылған газды сату бойынша электрондық сауда алаңдары жұмыс істеуі мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жағдайларда цифрландыру мен бизнес үшін әкімшілік шектеулерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың аясында, электрондық сауда алаңдары (ЭСА) көтерме сауданы жүргізу арқылы ішкі нарықта сұйытылған газға көтерме бағаны белгілеуді либерализациялау қажет. Біз даярлаған түзетулер аталған тетікті кезең-кезеңмен 2019 жылдың 1 қаңтарынан енгізуді қарастырады. ЭСА арқылы сатылатын барлық газға ҚР Энергетика министрлігі бекітетін шекті көтерме баға қолданылмайды», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бірінші кезеңде ішкі нарыққа беру жоспарының аясында жіберілетін сұйытылған газдың 20 пайызын ЭСА арқылы өткізу, ал кейіннен біртіндеп аталған үлесті арттыру ұсынылды. Бастапқыда газ желісі ұйымдары, содан кейін өнеркәсіптік кәсіпорындар, газ құю стансалары мен газ толтыру бекеттерінің иелері де Электронды сауда алаңдарында газ сатып алушылар болуы мүмкін.

«Бұл заң жобасына бастамашы болуға ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газына қатысты қалыптасқан жағдай итермеледі. Осындай газ бізде негізінен көлікте (автогаз), сондай-ақ тұрмыстық баллондар және тауарлық газбен қамтылмаған өңірлер тұрғындары тарапынан топтастырылған құрылғылар арқылы тұтынылады. Елде ҚҚС-ты есепке ала отырып, тоннасына 43 345 теңге сомасында сұйытылған газға шекті көтерме баға белгіленген. Бұл өз кезегінде көршілес елдердің шекаралас өңірлеріндегі көтерме бағамен салыстырғанда елеулі баға айырмашылығын қалыптастырып отыр», - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов заң жобасы бойынша баяндамасында.

Осындай төмендетілген көтерме баға заңсыз экспортты ынталандыратын көрінеді.

«Сонымен бірге, Қазақстанда сұйытылған газға бөлшек сауда бағасы көтерме құнына қарағанда, айтарлықтай жоғары және көршілес елдердегі бөлшек бағадан шамалы ғана арзандау. Нәтижесінде, ішкі нарыққа газды жеткізу арқылы біздің зауыттар шығынға тап болуда», - деп түсіндірді депутат.

Оның пайымынша, сұйытылған газға мемлекетпен реттелетін баға энергетикалық өнімдер нарығында бағалық айырмашылықтарды күшейтеді. Осының салдарынан сұраныстың жасанды түрде өсуін тудырады. Сұйытылған мұнай газына бағаны реттеу бойынша саясат түпкілікті тұтынушы үшін төмен баға түрінде тиісті әлеуметтік нәтижені құру бойынша ең басты мақсатты шешпей отыр.

«Түпкілікті тұтынушы сұйытылған газға көршілес елдердегі бөлшек құнға шамалас бағаны төлеп келеді. Ал мемлекет реттелетін бағаны қалыптастыру саясатының әлеуметтік нәтижесін халық емес, делдалдар көріп отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда сұйытылған газға деген сұраныс екі есеге артқан.

Соңғы жаңалықтар