Сүлейменов жұмыссыздар мен өзін-өзі еңбекпен қамтығандарды бизнеске тартуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шағын және орта бизнесті дамытудың қосымша көзі бола алады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы алғанда, елдегі экономикалық белсенді халық 8,9 млн. адамды құрайды, олардың ішінде 6,3 млн. адам - жалдамалы жұмыскерлер, 2,1 млн. - өзін-өзі еңбекпен қамтығандар және 447 мың адам - жұмыссыз халық. Ел халқының жалпы санының 3 миллионнан астамы шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,1 млн. бірлікті құрады, олар 9 айда 11,2 трлн. теңге сомаға өнім шығарды», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24,9 пайызды құрайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы осы көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойып отыр. Айта кетерлігі, әлемдік статистикаға сәйкес, дүниежүзі халқының 12 пайызында ғана бизнеспен айналысу дағдысы бар.

«Қарапайым есеп көрсетіп отырғандай, Қазақстанның экономикалық тұрғыда белсенді халқының үшінші бөлігі қазірдің өзінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау формалды түрде кәсіпорындар санының өсуі есебінен емес, жұмыс істеп тұрған бизнес, шығаратын өнімнің, көрсететін қызметтің сапасын арттыру арқылы жүзеге асырылуы қажет», - деді Сүлейменов.

Министрдің дерегіне сәйкес, елдің экономикалық белсенді халқы құрылымының 24 пайызы кіріс деңгейі төмен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жоғары үлесімен сипатталады. Олардың 42 пайызының орта немесе бастауыш білімі ғана бар. «Кірісі 60 мың теңгеден төмен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар саны 853 мың адамды құрайды. Олардың ішінде ауылдық елді мекендерде  716 мың адам тұрады. Біздің пайымымызша, азаматтардың дәл осы санаты шағын және орта бизнесті дамытудың қосымша көзі бола алады», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар