Сондерстің командасына Головкиннің жарақаттанып қалғаны айтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық боксшы Билли Джо Сондерстің (24-0, 12 КО) промоутері Фрэнк Уоррен iFL TV-ге берген сұхбатында қазақстандық Геннадий Головкинмен (37-0, 33 КО) болуы мүмкін жекпе-жекке қатысты айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Билли айқасқа бұрынғыдай дайын, барлық құжаттар үстел үстінде жатыр, біз олардың қол қоюын күтіп жүрміз. Бірақ бізге Головкиннің жарақаттанып қалғаны айтылды. Бізге енді күтуге тура келеді. Билли бұл жекпе-жектің болғанын қалайды, біз қолдан келгеннің барлығын жасадық», - деді Уоррен.

Айта кетейік, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев бұл жекпе-жек 17 шілде күні өтетінін мәлім еткен болатын. Оның 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионында өтетінін және билеттер құны шамамен 10-15 мың теңге болатынын айтқан еді.

Алайда GGG-дің менеджері Олег Герман аталған ақпаратты жоққа шығарды . «Дәл қазір Головкиннің Қазақстандағы жекпе-жегіне қатысты ешқандай ресми ақпарат жоқ. Сол себепті нақты, тіпті алдын ала даталар туралы айтуға болмайды. Билет бағасы туралы да сөз қозғауға ерте. Ал шілденің 17-сі күнгі датаға келер болсақ, Геннадий қатысатын бокс кешінің сенбі күні өтетіні белгілі. Ал шілденің 17-сі дүйсенбіге келіп тұр. Қазір нақты ақпарат жоқ. Алдағы уақытта қандай да бір мәлімет болса, оны GGG командасының өкілдері жариялайтын болады», - деді Герман.

Сәл кейін елорда әкімдігі Геннадий Головкиннің жекпе-жегін өткізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Ал журналистерге бұрыс ақпарат берген Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевқаескерту жасалды .

 

Соңғы жаңалықтар