Солтүстік Қазақстанда полицейлер су басқан аумақты күзетіп жүр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қоғамдық тәртіпті күзету және су тасқынының  салдарын жою үшін Петропавл ІІБ құрама батальоны мен жол-патрульдік полициясының батальоны жұмылдырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО ІІД бастығы Берік Білялов құқық қорғау органдары қызметкерлерінің алдына адам өліміне, тұрғындар қалдырған үйлерді тонауға жол бермеу секілді тапсырмаларды қойды.

Полицейлерге арнайы су өтпейтін костюмдер мен резеңкеден жасалған қайықтар берілді. Тәулік бойы су тасқыны ахуалын бақылау үшін 1- Заречная, Заречный және Хромзавод кенттеріне, 10 мөлтекаудандағы дамбаға, «Челябинск-Новосибирск» айналма жолына 10 автопатруль қызметі қойылды.

«Заречный кентінде 3000 адам тұрып жатыр. Атыс қаруы бар адамдарды есепке алу жұмыстарына ерекше назар аударылды», - деді СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Полицейлер тұрғындарға  су тасқыны туралы ескерту жұмыстарына, адамдарды және үй жануарларын эвакуациялауға атсалысты. Петропавлда бүгін ТЖ режімі жарияланды. Есіл өзеніндегі судың деңгейі ұлғаюда. Таяу күндері өңірдегі су тасқынының деңгейі шырқау шегіне жетуі ықтимал. Құтқарушылар бұл соңғы 23 жылдың ішіндегі ең ірі су тасқыны деп атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар