Солтүстік Қазақстанда Құлсары әулие қорымына шипа іздеп келетіндер көбейді

None
None
ПЕТРОПАВ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысындағы Құлсары батыр бейітінің басына адамдар шипа іздеп келеді, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Есіл ауданында Бұлақ ауылынан жеті шақырым жерде Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі Құлсары батырдың зираты жатыр. XVIII ғасырдан хабар беретін құжаттарда Құлсары батыр ел бірлігі мен ынтымағы жолында еңбек еткен мемлекет қайраткері ретінде еске алынады. Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясында Құлсары батырдың Абылай ханның Ресеймен қарым-қатынас жасаудағы сенімді өкілі де болғандығы айтылады. Оның батырлығы жайында тарихи құжаттарда мәліметтер сақталмаған. Дегенмен ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда Қазақ елін қорғау үшін он мың қол жинаған дарынды қолбасшы, қаһарман батыр болған.

Халық өзі сүйген батыр қолбасшының қаһармандығы мен даналығына қарай әулие атап кеткен. Өйткені елге келер қауіпті күн бұрыннан болжай білетін көріпкелдігі, сырқатына шипа іздеп келгендерді емдеп қайтаратын қасиеттері болған.

1958 жылы оның бейітіне әулиенің алтыншы ұрпағы Қалиасқар Рақымов құлпытас қойып,       айналасын қоршайды. Соңғы жылдары әулиенің басына тәу етіп, еліміздің түкпір-түкпірінен ем іздеп келетіндер көбейе бастады. Құлсары батыр бейіті Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Соңғы жаңалықтар