Солтүстік Қазақстан тұрғындары 700 көлікті утилизацияға тапсырған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Күн сайын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары утилизацияға 6 көліктен тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оператор РОП» ЖШС өкілі Оразтай Әбдірахмановтың айтуынша, былтыр ескі көліктерді сатып алу басталған кезде, қайта өңдеуге күніне 15-20 көлік тапсырылған. Қазір бұл қарқын бәсеңси түсті.

 

Негізінен азаматтар «Москвич», «Жигули», «Запорожец», ГАЗ-69 көліктерін тапсырады екен. «Волга» мен түрлі шетелдік көліктер де кезігеді. Қайта өңдеуге тапсырылған көліктердің дені 20-30 жыл бұрын шығарылған.

«Көліктерден аккумуляторларды шешіп, мотор майларын құйып аламыз. Арнайы қондырғы жеткізілген кезде, біз ол көліктерді брикетке айналдырып, өңдеу зауыттарына ыңғайлы күйде жөнелтетін боламыз», - деді Әбдірахманов.



Қазіргі уақытта 700 көлік тапсырылған. Әрбір көлікке 150 мың теңге ақы төленеді. Әбдірахмановтың сөзінше, сонымен қатар 300 мың теңге сомасында сертификаттар беру бағдарламасы жасалады. Егер көлік иелері қолма-қол ақша алғанды жөн санаса, қолына 150 мың теңге беріледі. Егер сертификатты таңдайтын болса, жаңа көлікті салоннан сатып алу кезінде 300 мың теңгеге жеңілдік жасалады. Маусым айынан бастап, жүк көліктерін қабылдау жоспарлануда.

 

Жалпы 2016 жылы ел бойынша, 5 665 көлік қайта өңдеуге тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар