Смартфонсыз халық пен биліктің байланысы үзілмейді - министр Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Бүгін XIV Еуразиялық медиа форумда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметшілерге смартфонды ұстауға тыйым салу мәселесі бойынша өз пікірін білдірді. Залда отырған заңгерлердің біреуі «Жалған ақпаратты xалыққа жылдам түсіндіру үшін мемлекеттік қызметшілер смартфон ұстауы тиіс» деген ойын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі, смартфондарды ұстау мен жалған ақпарат бойынша бірден жауап беру - ол екі бөлек нәрсе. Неге? Себебі мемлекеттік орган кез келген жалған ақпаратты алдымен тексеруі керек. Мысалы, бір жерде жарылғыш зат бар деген ақпарат тарағанда арнайы органдар бірінші кезекте ондай заттың бар-жоғын тексермей ме? Оған да уақыт қажет», - дейді Абаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі шенеуніктер байланыссыз жүрген жоқ. Байланыста болу үшін міндетті түрде смартфон ұстаудың қажеті шамалы. «Сондықтан жалған ақпарат бойынша түсініктеме берудің смартфонды ұстау-ұстамауға еш қатысы жоқ. Ашығын айту қажет, жалған ақпарат - баршаға ортақ қауіп-қатер. Онымен барша әлем күресіп келеді», - деп атап көрсетті Дәурен Әскербекұлы.

Айта кетейік, сессия барысында Дәурен Абаев ақпараттың көптігіне, сол көп ақпараттың адам өміріне қатты әсер етіп отырғанына алаңдап отырғанын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар