СҚО өз тауарын қандай елдерге экспорттай алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -  СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі тауардың шығу тегі жөніндегі сертификат қай елге көбірек берілгенін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Палата сарапшысы  Олег Жугин мұндай сертификаттың не үшін қажет екендігін түсіндірді. Жеңілдетілген кедендік баж салығын алуға мүмкіндік беретін сертификаттың ТМД, Еуроодақ елдеріне, сондай-ақ Өзбекстан, Түркіменстан және Вьетнамға  тауар экспорттайтын бірнеше үлгісі бар.

«Отандық өнімді экспорттау үшін тауардың шығу тегі жөніндегі сертификат ең көп берілген мемлекет Өзбекстан - 374 (26 пайыз), Ресей - 345 ( 22,7 пайыз), Тәжікстан - 300 ( 19,7 пайыз), Иран - 280 (18,4 пайыз)», - деді Олег Жугин.

СҚО кәсіпкерлері өз тауарларын Еуроодақ елдерімен қатар, Ауғанстан, Моңғолия, Қытай, Қырызстан, Түрікменстан және Түркияға да экспорттай алады.

Өзбекстанға бидай, ұн, жем жеткізілсе, Ресейге бидай, макарон, зығыр, рапс, сүт-айран өнімдері, Тәжікстан, Қырғызстанға бидай жөнелтіледі. Иран көбінесе арпа, жем, бұршақ тұқымдас жасымық сатып алады екен. Еуроодаққа бидай, рапс, зығыр, Ауғанстанға егін өнімдері, Моңғолияға - рапс, Қытай -  бидай, рапс және зығыр майын, Түрікменстан - ұн, Түркия зығыр өнімдерін сатып алады.

Жергілікті кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері 1717 сертификат беріліпті, оның 1521-і экспортқа пайдаланылса, 196-сы ішкі сауда айналымына жаратылған. 

Соңғы жаңалықтар