СҚО көлдеріндегі қызылқұрт заңсыз шекара асырылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы көлдерде кездесетін қызылқұрт жәндігін (Артемия салина) аулауды өндірістік көлемде ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды  «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мол пайда әкелетін бизнес болған соң, қызыл құрттың заңсыз ауланып жатқанын жиі естіп жүрмін. Алтай аймағында бұл өндірістік жолға қойылған. Олар  Қытайға жіберілетін құрттан 35 млрд теңгеге дейін пайда табады», - деді Құмар Ақсақалов.

Аталмыш құрт Солтүстік Қазақстан облысының 17 көлінде кездеседі.

Өңірдегі Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасовтың айтуынша, әжептәуір құнды тұратын жәндік Қытайға жөнелтіледі, Қазақстанда оған сұраныс жоқ.

Ал облыстағы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов, қызыл құртты заңсыз аулау фактілерінің жиілеп кеткенін, оны алдымен Павлодар облысына жеткізіп, одан ары Қытай асырып жатқанын айтты.

Қазірдің өзінде құрт аулаумен айналысқандардың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. ҚазАқпарат қараша айында Уәлихан өзенінде ірі контрабанданың жолы кесілгені туралы жазған да болатын. 

«Сыртқа заңсыз шығарылып жатыр, салық төлемейді, Көлдің иелері неге әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Олар көлді жалға алған екен, неге сол маңды күзету іс-шараларын жүргізіп, оған қаржыларын құймайды. Табиғат байлығы халық игілігіне жұмсалып жатқан жоқ», - деді СҚО әкімі

Еске сала кетейік, Артемия салина тұзды көлдерді мекендейді. Оны косметикалық заттарға арналған белсенді биологиялық қоспаларға арналған шикізат ретінде пайдаланады. 

Соңғы жаңалықтар