СҚО-дағы май зауыты күніне 1000 тоннаға дейiн шикізат өңдейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстiк Қазақстан облысында майлы дақылдарды өңдейтiн «Тайынша май» ЖШС iске қосылды.

Жаңа өндiрiстi Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Индустриализация күнi аясында өткiзiлген республикалық телекөпiр барысында iске қосқан болатын. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Майлы дақылдарды өңдейтiн зауыт Тайынша ауданының Ильичевка селосында салынды. Бұл Қазақстан-Қытай бiрлескен жобасының қуаттылығы жылына 300 мың тонна өнiм өңделедi. Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов БАҚ өкiлдерiне берген сұхбаты барысында аталмыш зауыттың өңiрдiң әлеуметтiк саласы мен агроөнеркәсiптiк кешенiндегi маңызын атап өттi.

«Заманауи өндiрiстiң ерекшелiгi сол мұнда еуропалық жоғары технологиялық құрылғылар қолданылған. Бұл жерде инвесторлармен жұмыс iстеудiң жақсы мүмкiндiгi бар. Осында тағы 4-5 зауыт салу жоспарланған. Бұл жұмыстардың барлығы Сиань мэрiмен жүргiзiлетiн келiссөздерге байланысты. «Айцзюй» компаниясының мыңдаған дүкендерi бар. Алдағы уақытта ет, астық, бал, сүт өңдеу зауыттары салынбақ, сондай-ақ өзге де бiрлескен жобалар талқылануда», - дедi өңiр басшысы.

Аталған зауыт аз уақыт мерзiмiнде салынды. Құрылыс жұмыстары 4 айдың iшiнде жүргiзiлген.

«Бұл жоба арқылы көптеген жұмыс орындарын құруға болады. Бұл бiздiң корпорациямыздың алғашқы жобасы. Оны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгiнiң қолдауы арқасында мүмкiн болып отыр», - дедi қытайлық инвестор - «Айцзюй» компаниясының бас директоры Цзя Хэи.

Республикалық телекөпiр аясында зауыт бiрiншi кезекте iске қосылды. «Тайынша май» ЖШС тең құрылтайшысы Сәкен Мұхамедиевтiң айтуынша, мұнда күнiне 1000 тоннаға дейiн өнiм өңделедi.

«Бiрiншi кезектi инвестиция көлемi 22 миллион АҚШ долларын құрады. Жалпы жоба барысында 100 милилонға жуық қаражат құйылады. Бұл Қазақстандағы ең үлкен зауыттардың бiрi болады деп ойлаймын. Алғашқы уақытта рапс майы өндiрiлетiн болады. Шикiзатқа қарай күнбағыс, зығыр өңделмек. Бүгiнгi таңда 10 мың тоннаға жуық шикiзат сатып алынды. Шикiзаттың майлылығына байланысты - 40%-ға жуық май алынып, 60%-дай жом шығарылады. Жомды құрама азық өндiруге мүмкiндiк беретiн шикiзат ретiнде қолданады», - дедi Сәкен Мұхамедиев.

Республикалық телекөпiр аясында Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа жобаны таныстырған Сәкен Мұхамедиев аталған жоба Қытай инвесторларымен бiрлескен алғашқы жобалардың бiрi екенiн атап өттi.

«Өнiмдi экспортқа шығару үшiн келiсiмшарт жасалды. Бiздiң серiктесiмiздiң сауда желiсi ауқымды - 1000-ға жуық дүкендерi бар. Бұл Қазақстанда өндiрiлген өнiмнiң Қытай нарығында сұранысқа ие болатынының көрiнiсi», - дедi «Тайынша май» ЖШС өкiлi.

Өз кезегiнде «Айцзюй» компаниясының бас директоры Цзя Хэи Мемлекет басшысына Қазақстанда шет елдiк инвесторларға жасалған қолайлы жағдай мен қолдау үшiн алғысын бiлдiрдi.

«Сiздiң агроөнеркәсiп кешенiн дамытуды қолдауыңыздың арқасында бiз Қазақстан нарығына батыл кiрiп, қазақстандық әрiптестерiмiзбен бiрге майлы дақылдарды өңдеу зауытын iске қостық. Компания өңдеу саласы бойынша ортақ сауда белгiсiмен 8 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр», - дедi Цзя Хэи.

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев жобаны iске қосып, зауыттың артықшылығын атап өткен еді.

«Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi еңбек өнiмдiлiгiнiң құнын арттыру үшiн өңдеу саласын дамыту қажет. Бiз Қытай Халық Республикасымен бiрлесiп Қазақстанда елуге жуық жобаны жүзеге асырмақпыз. Бұл жобалардың бiреуiн бүгiн көрiп отырмын және зауыттың өнiмдi шығаруды бастап кеткенiне қуаныштымын. Сiздер елiмiзге Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында ерекше сый жасадыңыздар. Қытай Халық Республикасымен әрiптестiктi қарқынды дамыту қажет», - дедi Мемлекет басшысы.

 

 

Соңғы жаңалықтар