Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты Наурыз мейрамымен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз жақсы бір хабар алдық. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Наурыз мейрамына байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнайы құттықтау хатын жолдап, барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтады. Қазіргі кезде Қытайда үлкен екі жиналыс бойынша ауқымды шаралар өтіп жатыр. Соған қарамастан, Си Цзиньпин мырза уақыт тауып, Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы жеделхатын жолдады. Осының өзі екі басшы арасындағы мықты достықтың көрінісі болса керек», - деді ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй бүгін Наурыз мейрамына арналған салтанатты шарада.

Елшінің айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар ойдағыдай дамып келеді. Көрші мемлекет Қазақстан экономикасына қыруар қаржы салып отыр. «Бір жол - бір белдеу» бастамасы аясында өзара ынтымақтастық та күшейіп келеді.

«Коммунистік партияның жиналысында Қытайдың экономикалық өсімі 6,5 процент болады деген мақсат қойылды. Халықтың тығыз орналасқанына қарамастан, бізде жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 9 800 долларды құрап отыр. Қытай үшін бұл - үлкен жетістік. 2021 жылға дейін біз кедейшілік мәселесін толығымен шешуді көздейміз. Үш жылдан кейін 400 миллионнан астам адам кедейшіліктің қамытынан құтылады деген жоспар бар. Осылайша, 2021 жылға дейін Қытай толығымен орта топтың деңгейіне шығуы тиіс. Оған дейін кедей отбасылар қалмауы қажет», - деп атап көрсетті Ч.Ханьхуэй.

Фото: ria.ru

Соңғы жаңалықтар