Шымкенттіктер Елбасы мақаласындағы бастамаларды қызу қолдады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкенттіктер Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларға қолдау білдірді.

Еліміздің Ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына орай бүгін қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ырыс алды - ынтымақ» атты форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Аталған форумда қаланың зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеше ғана Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласын қызу талқылап, ондағы айтылған идеялар ел дамуының болашақ бағдары екенін ерекше атап өтті. Елбасының бұл көлемді мақаласында халықты толғандырып жүрген мәселелердің барлығы көрініс тапқан. Басқосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ардагерлерді мерекесімен құттықтап,  Президент мақаласының маңыздылығына тоқталды.  Өз кезегінде аймақ басшысы ел болашағын айқындаған мақаланы оқып, оны басшылыққа алып, облыс экономикасы мен мәдениетін, білімін дамытуда бұл тарихи маңызды құжат нақты бағдар болуы тиіс екенін жеткізді. Форумға қатысушылар болса Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, оны белсенділікпен жүзеге асыруға шақырды.

      Мерекелік шарада облыс пен қалаға еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер облыс әкімінің Алғыс хаты және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ қоғамға қосқан елеулі еңбегі үшін бір топ ардагер қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Соңғы жаңалықтар