Шымкенттегі жас буын латын әліпбиіне көшуді қолдайды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының белсенді жастары жақында Президентке ұсынылған латын әліпбиінің соңғы үлгісі туралы ой алмасып, жаңа әліпбидің ерекшелігін ортақ талқыға салды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Латын әліпбиінің жаңа жобасын Шымкент жастары қызу талқылап жатыр. Тіпті сөзден іске көшіп, өзара ақпарат алмасуда латын әліпбиін қолдануды бастап кеткен. «Ақиқат» жастар пікір сайыс орталығының төрағасы Жұман Жансеріктің айтуынша, әліпбидің соңғы нұсқасын меңгеруде айтарлықтай күрделілік жоқ.

«Өз басым латын графикасымен жазуды қолға алдым. Ақпараттық порталдардағы жаңалықтардың барлығын ұсынылған соңғы үлгіде жазып жүрмін. Бірден үйреніп кетпесем де, пернетақтада жаңа әліпбидің әріптері арқылы кез келген мәтін оңай терілетін секілді. Соңғы нұсқадағы төл таңбаларымызды апострофтармен жазу ыңғайлы деп есептеймін. Және «бір әріп - бір дыбыс» қағидатының сақталғанын қолдаймын», - дейді Жұман Жансерік.

Ал «Қазақстан жастар Конгресінің» ОҚО-дағы өкілі Айгүл Ерғалиқызының пікірінше, алдыңғы жобаға қарағанда әліпбидің соңғы нұсқасы әлдеқайда тиімді. Өйткені, ол оқығанға да, жазғанға да ыңғайлы. Айгүл Ерғалиқызы соңғы нұсқаны қолданысқа енгізуде көп уақыт қажет етпейтінін айтады.

Латын әліпбиін қолдау бағытында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Таңшолпан Тілеуқабылқызы да өз ойымен бөлісті.

«Ең алдымен жастарға ыңғайлы нұсқасын таңдау керек деп есептеймін. Ғылым мен білімге ден қойған жастарды да назардан тыс қалдырмау керектігін ескерген абзал. Алдыңғы нұсқасында түсініксіз жайттар болғаны көрер көзге көрініп тұратын. Меніңше, соңғы нұсқасы дұрыс. Өйткені оны кейбіріміз күнделікті хабарламалаларда да қолданып жүрміз», - дейді Таңшолпан Тілеуқабылқызы.

Соңғы жаңалықтар