Шымкентте ТЖ мамандары иістен улану жағдайына қатысты түсініктеме берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тұрғындардың жаппай иістен улану жайттарына қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзінше, соңғы үш күнде 7 адамның, оның ішінде 4 баланың өліміне тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.

Екі жағдай бойынша да оқиға орнына келген газ мамандары мен төтенше жағдай қызметкерлері пеш құрылғылары мен сыртқа иіс шығаратын мұржаларының талапқа сай келмейтінін анықтаған.

null 

«Шымкент қаласы бойынша соңғы тәулікте газ құрылғыларын орнату кезіндегі ереже бұзушылықтармен байланысты қайғылы оқиғалар жиіленіп кетті. Талдау көрсеткендей, ақаулы пеш құралдарын қолдану, тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу - уланудың басты себептері болып отыр. Өкінішке орай, Облыстық ТЖ департаментінің инженерлік-инспекторлық құрамымен өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қайғының себептері өте жиі адами факторлар болуда»,- деді Нұрболат Дербісов.

Департамент бастығының айтуынша, өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, апта сайын сенбіліктер өткізіп, аулаларды аралаған. Тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе жылу беру кезеңінде түрлі акциялар өткізіліп, пешпен жылытудың қауіптілігі, улы газбен улану тақырыптарында түсіндіру шаралары өткізілген. Профилактикалық жұмыстарды жүргізуге өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері тартылған. Соған қарамастан облыс тұрғындары бұл мәселеге жауапкершілік танытпай отыр. Соның салдарынан өңірде жыл басынан бері улы газдан 54 адам зардап шегіп, 18 адам қайтыс болған. Оның ішінде 6 бала бар. Осыған орай төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға тағы да ескерту жасады.

null

«Құрметті Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары! Сіздерге тұрмыстық газды пайдалану ыңғайлы, бірақ, қауіпті. Төтенше жағдайлар департаменті Сіздерге газ құралдарын қауіпсіз қолдану ережелеріне мұқият болу қажеттігін естеріңізге салады. Естеріңізде болсын, тұрмыста қолданылатын газ өртке қауіпті және жарылуы мүмкін. Қолданыстағы газ құралдарын қауіпсіз пайдалануға және оны тиісті жағдайда ұстауға үй иесі жауапты болады», делінген ескертуде.

null 

Соңғы жаңалықтар