Шымкентте түн ортасына дейін жұмыс істейтін ХҚКО ашылды

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда түн ортасына дейін жұмыс істейтін тағы екі ХҚКО пайда болды, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес АҚ баспасөз қызметі.

Енді мемлекеттік қызметті алуға өтініш беру немесе дайын анықтаманы алу мүмкіндігін тек астаналықтар ғана емес, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да ала алады. 

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, алғашқы рет түнгі сағат 12-ге дейінгі жұмыс кестесі іске қосылған Сауран, 7 мекенжайындағы астаналық Халыққа қызмет көрсету орталығы қазіргі кезде баршаға танымал. «Біз пилоттық жобаға мұқият мониторинг жүргіздік. Оны іске қосқан сәттен бастап сағ. 20:00 мен 24:00 аралығы кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге шамамен екі мың өтініш қабылданып, 506 құжат берілген. Осындай сұранысты көріп, біз түн ортасына дейінгі жұмыс кестесін Шымкент және Алматы қалаларындағы бөлімдерде де енгізуді шештік, себебі бұл екі қала халық саны бойынша ең үлкен қалалар», - деді А.Оспанов. 

 Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағ. 08:00-ден 24:00-ге дейінгі фронт-офистер Астана қ. Сауран 7, Алматы қ., Әуезов ауданы, Жандосов к-сі, 51, Шымкент қ., Қаратау ауданы, Нұрсат мөлтекауданы, 24 мекенжайлары бойынша орналасқан. Айта кетер жайт, қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын осы бөлімдерде сағ. 24:00-ге дейін төлеуге болады, себебі кассалар да түн ортасына дейінгі жұмыс режиміне ауыстырылған. Сенбі күні бұл бөлімдер сағ. 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Соңғы жаңалықтар