Шымкентте ток соққан баланың жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалауда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жоғары кернеулі ток соққан баланың жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалауда. Денесінің 60 пайызын күйік шалған жеткіншек ес-түссіз жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше вагонға шығамын деп токқа түсіп қалған бала қазір облыстық балалар ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, 11 жасар жеткіншектің қолы мен аяғы, арқа тұсы қатты күйіп қалған. Сондай-ақ қатты соққыдан жамбасы сынып кетіпті.

«Кеше бала ауруханаға 11.30-дар шамасында түсті. Түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Ауырлығы алған полижарақатына, электржарақатқа, электро күйік 2,3-ші дәрежелі дененің 60 пайызы және оң жақ санының сынуы, жарақат шогының өте ауыр дәрежесіне байланысты жағдайы қазір өте ауыр. Қазіргі кезде ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Біз оның күйік шалған жерлері мен сынған сүйегін таңып қойдық. Қолдан келген емдік шараларды жасап жатырмыз», - дейді Облыстық балалар ауруханасының дәрігері Нұрпейіс Шырынбек.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиға бойынша Шымкент желілік ішкі істер бөлімі тергеу-тексеру шараларын жүргізуде.

«Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Енді ол тергеу барысында көрсетіледі», - дейді Шымкент желілік ішкі істер бөлімінің инспекторы Аида Мақашева.

Еске сала кетейік, оқыс жағдай кеше Шымкенттің іргесіндегі Көксай-1 елдімекенінің маңында болған еді. Мектептен қайтып келе жатқан бала темір жолдағы жүк вогонына шығып, жоғарғы кернеулі ток соққан. Жеткіншектің денесін күйік шалып, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар