Шымкентте такси жүргізушісін өлтіргендер 12 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте такси жүргізушісін өлтіргендер 12 жылға сотталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі айыпталушыны да Қылмыстық кодекстің екі бабымен кінәлі деп тауып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қанды оқиға Шымкенттің іргесіндегі елдімекендердің бірінде болған. Екі күдікті жолға  шығып, жолаушы тасымалдаумен айналысып жүрген А. деген азаматты тоқтатады. Одан облыс орталығына жеткізіп тастауын өтінген. Сөйтіп, жол бойында өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырыпты. Кісі өлтіруге алдын ала дайындалып келгендер көлік жүргізушісін тоқтауын сұраған. Жамандық ойламаған көлік иесі жолдың шетіне тоқтапты. Сол мезетте жолаушылардың бірі өзімен бірге алып келген жіпті көлік жүргізушінің мойынан тұзақ ретінде салып, қылқындырады. Ал, оның сыбайласы К. қалтасындағы таспен көлік жүргізушісін басынан бірнеше рет ұрған. Осы соққылардан такси жүргізушісі есінен танып қалған уақытта, соңғының қалтасынан қомақты ақша мен ұялы телефонын алып қойған.

Арам ойын жүзеге асырғандар артынан оқиға болған жерден бой тасалаған. Алайда жүргізушінің өліміне кінәлі екеу көп ұзамай қолға түсті. Жарты жылға жуық уақытқа созылған тергеу барысында олардың қылмыстары толығымен дәлелін тауып, айғақты заттар тәркіленді.

«Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігімен және  24-бабының 3-бөлігі арқылы 99-бабының 2-бөлігінің 7),8)-тармақтарында қарастырылған қылмыс белгілерімен кінәлі деп тапты. Олардың әрқайсысы 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жазаларын қатаң тәртіптегі колонияда өтеу белгіленді»,- дейді сотқа қатысқан Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының прокуроры Қанат Жүнісов.

Соңғы жаңалықтар