Шымкентте «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай мотошеру өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық байкерлер кезекті маусымды мотошерумен бастады. Шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды көршілес мемлекеттердің мотоциклистері қатысты. Мотоциклді өмірінің мәні деп білетін 100 шақты байкер кезекті маусымның ашылуын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шымкент қаласының көшелерін аралап, «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттаған мотошабандоздар өздеріне тән ережелер мен қағидаларды жұрт назарына ұсынды. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы №3 жетім балалар үйіне арнайы барып, қайырымдылық шарасына қатысты.

 

Оңтүстік Қазастан байкерлер федерациясының президенті Рүстем Базарбековтің айтуынша, 29 мамыр күні оңтүстікқазақстандық 10 байкер ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне республикалық мотошеру ұйымдастырмақ. Шымкент қаласынан басталатын мотошерудің мақсаты - ЭКСПО көрмесін республика жұртына кеңінен насихаттау.

«Мотошеру 29 - мамырда Шымкенттен басталды. Біздің бұл идеямызға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Ең алдымен біз рухани астанамыз-Түркістан қаласына сосын Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалалары арқылы елордада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына кіріп барғалы отырмыз», - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық мотоциклистер федерациясының президенті Рүстем Базарбеков.

 

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында мотоспортқа қызығушылық танытып, байкер атанғандардың саны 300-ге жуықтайды. Олар жыл сайын облысымыздағы қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, жастарды спортқа баулуға, саламатты өмір салтын ұстануға атсалысып келеді.

Соңғы жаңалықтар