Шымкентте баласын күрекпен ұрған тұрғын ақыры ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте полицейлер баласын басынан күрекпен ұрған 49 жастағы тұрғынды ұстады. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді. Қазіргі таңда қолға түскен әке Еңбекші аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, одан жауап алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Тәртіп сақшылары күдіктінің не себепті баласын ұрып, жазалағанын анықтап жатыр. Ал басынан бірнеше рет соққы алыған балаға бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Еске салайық, баланың басынан күрекпен ұрған қатыгез тұрғын түсірілген бейнежазба WhatsApp әлеуметтік желісіне тарап кеткен болатын.

Онда ер азамат 4-5 жас шамасындағы баланы бір-бірінің үстіне қаланып орнатылған көлік дөңгелектерінің ішіне тұрғызып қойып, басынан күрекпен ұрып жатқаны түсірілген. Ал шарасыз бала қорғанып, басын қолымен жабуға тырысады. Ал оқиғаның куәсі болып тұрған әйел балаға көмектесуге құлықсыздық танытқан.

Осыдан кейін облысты ІІД қызметкерлері дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 110-бабымен («Азаптау») қылмыстық іс қозғады. Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері баланы ұрған адамды іздестірген болатын. Енді қатыгез әке заң талаптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылатын болады.

Соңғы жаңалықтар