Шымкентте 500 өнерпаз қатысқан флешмоб өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкентте «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалі өтті. Қаланың оқушылар сарайында ұйымдастырылған шарада 50 барабаншы өз өнерлерін көрсетіп, 50 күйші Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль барысында 500 өнерпаз «Рухани жаңғыру» флешмобын ұйымдастырды. Шара аясында шым шаһардағы  мәдениет үйлері мен клубтарда қолөнер және қылқалам шеберлері үйірмелерінің  көрмесі өтті. Онда қолдан жасалған  бұйымдар көпшілік назарына ұсынылып, жұрттың қызығушылығын тудырды.

Ал,  түрлі жанрлар бойынша үйірме қатысушыларының гала-концертінде «Жерұйық» қойылымы сахналанып, тарих беттерінен сыр шертті. Жергілікті өнерпаздар туған жер қасиетін дәріптейтін және   Астананың 20 жылдығына арнап әндер шырқады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9-шы сәуірінен бастап облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен  мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өңірдің  аудан, қалаларында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» фестивалі өтуде.

Жергілікті мәдениет үйлері мен клубтардың халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту мен ондағы  жұмыс сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара бірнеше қала мен аудандарда ұйымдастырылды. 

Соңғы жаңалықтар