Шымкентте 11 балалы отбасы баспанаға зәру

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Еліміздің демографиялық ахуалы ақсап тұрған шақта көптеген жанұялар жағдайдың жоқтығын, енді бірі жұмыстың көптігін сылтау қылып жатады. Соның салдарынан, өкінішке қарай, қалалық жерлерде 1-2 баламен ғана шектелетін қазақ отбасылары көбейіп барады. Осындай шақта қауырт жұмыстың тізгінін ұстап, ондаған баланы өсіріп отырған азаматтарымыз баршылық. Солардың бірі Шымкент қаласында тұрады. Өңірдің жол-патрульдік полициясы полкінде қызмет атқаратын Бауыржан Абдурахманов небәрі 36 жасында 11 баланың әкесі атанды. Бүгінде полиция сержанты жұбайы Хадиша екеуі 8 қыз бен 3 ұлды тәрбилеп, өсіріп отыр. Тұңғышының алды 16-ға толса, сүт кенжесі 4 жасар.

Отағасы Бауыржан өзінің жарымен сонау 2000 жылы танысқанын айтады. Ол кезде Хадиша 19 жастағы бойжеткен. Содан таныстықтың аяғы жұбайлық өмірге ұласқан. Үйленген соң жас жұбайлар ауылдық жерде тұрыпты. Кейіннен отағасы Ішкі істер органдарына қызметке ауысуына байланысты облыс орталығына қоныс аударған. Қалаға келгенге дейін-ақ олар 6 перзенттің әкесі мен шешесі атанып, көпбалалы отбасы болып үлгергенін айтады.

«Әкемнің ағайындары оннан асады. Өзім бес ағайындымын. Әйелім де көп балалы отбасыдан өсіп-өнген. Балаларды өте жақсы көремін. «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады». Не болмаса әр баланың өз несібесімен дүниеге келеді деп жатады. Енді, бұл рас сөз. Дегенмен, балалардың киімі бүтін, тамағы тоқ болу үшін еңбек етпесең болмайды. Балаларымызды тарықтырмауға тырысамыз. Құдайға шүкір, ешкімнен кем емес. Таныстарым мазақтап, кейде қисық сөзділері «баласы көп екен» дегенді естігенде кекетеді. Кейде әзіл-шынын араластырып, «жап-жас болып осыншама балаң бар ма?», «бала-шағаны өмірге әкелерден бұрын бағу жағын ойланбайсың ба» дейді. Отбасында баланың көбі жақсы. Көп бала бір-біріне бауырмал, сүйеніш. Біреуі аяққа тұрса, екіншісін алға сүйрейді. Қазір қоғамда жалғыз бала өсіру сәнге айналып кетті. Жалғыздың үні де, шаңы да шықпайды. Шаңырақта бір өзі өскен перзент өзімшіл, мейрімсіздеу келетіні жасырын емес. Ертеңімізді ойлайтын ұлтпыз. Қартаю да заңдылық. Көптің ішінен бірі болмаса екіншісі ата-анасын ойлайды»,- дейді отағасы.

Ерлі-зайыптылар қалада тұрамыз, жұмыс көп, балаларға бас-көз болатын адам жоқ деп, ұрпақ жалғастығын шетке ысырып қоймады. Күйкі тірлікке, тұрмыстағы қиыншылықтарға қарамастан, перзенттерді өмірге алып келе берді. Бұл ретте полиция қызметкері ауылдағы қара шаңырақты тастап, жанұяға қолдау көрсетіп жүрген 68 жастағы анасының еңбегі зор екенін айтады.

«Әкем Тұрғын 39 жасында өмірден өтті. Шиеттей жас балалар әкесіз қалдық. Анам өмірдің тауқыметін көтеріп, жалғыздығына қарамастан бес баланы бақты-қақты, жоғарғы білім алуына бар жағдайды жасады. Әрқайсысының алдындағы аналық парызын өтеді. Одан кейін немерелеріне қараймын деп Сарыағаштағы қара шаңырақты тастап, біздің жанымызға көшіп келді. Қазір де балаларды мектепке шығарып салу, күтіп алу, олардың күніне үш мезгіл тамақ дайындау сынды шаруалар сол кісінің мойнында. Қала берді үйдегі кенже баламызға қарайды. Алла анама қуат берсін», - дейді Бауыржан Абдурахманов.

Тәртіп сақшысының сөзінше балаларының киімі бүтін, тамағы тоқ. Өзгелерден артық не кем өмір сүріп жатқан жоқ. Десе де, жанына бататын бір мәселе бар. Ол - баспана. Көпбалалы отбасы қазір қалада пәтер жалдап тұрады. Осы күнге дейін 20-ға  жуық пәтер ауыстырыпты. Баспана кезегіне тұрғанымен жақындайтын түрі жоқ, - дейді отағасы. Бүгінде қаланың шет жағынан бір жер үйді жалға алып тұратын жанұяның үй алуға мүмкіншіліктері жоқ.

«Мемлекеттен тегін берілетін коммуналдық үй кезегінде тұрмын. Берілетін баспана есептегенде әр баланың басына 15 шаршы метрден келу керек. 11 балаға арналған тұрғын үйлерде мұндай жоба жоқ деді, тұрғын үй мамандары. Сол себепті, жалдамалы баспана алуда бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей тұр. Үйді өзге бағдарламалармен алуда қаржы балалардың ішіп-жемінен артылмай келеді...», - дейді полиция сержанты.

Отағасының тапқан табысы күнделікті тамақ пен киім-кешектен артылмайды. Ал, әйеліне «Алтын алқаға» төленетін аз ғана жәрдемақы айлықтарына шайлық болып отырғаны шамалы.  Сондықтан, келіншегі Хадиша жұмысқа шығып, күйеуіне қолдау көрсетуді дұрыс санаған. Қалалық емханада акушер-дәрігер болып еңбек ететін көпбалалы ана қаражат табу үшін кешкісін де  қосымша жұмыс істейді.

«Балаларымыздың саны жыл санап артқан сайын отағасының бір ғана жалақысына қарап отыру мүмкін болмады. Сондықтан, жұмысқа шығуға бел байладым.  Әкесі буыны қатпаған қыз балаларының кешкілік жұмыс істегенін қаламайды. Ал, олар өскен сайын қажеттіліктері артуда. Балалардың алды биыл мектеп бітіреді. Оларға жоғары білім беру қазіргі заманда қалтаға әжептеуір күш салатыны жасырын емес. Қыз баланың тағдыры күрделілеу ғой. Өзінің нанын тауып жейтіндей болуы керек. «Ұлдардан бұрын қыздарыма жоғары білім алуға жағдай жасауым керек», деп Бауыржан қыздарын көбірек уайымдайды», - дейді Хадиша Абдурахманов.

«Ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің мың ісі артық» деген сөзді берік ұстанатын жанұядағы қарбалас таң атысымен басталады. Мектепке баратын тоғыз баланы тамақтандырады, киіндіреді, сөмкесін дайындап, мектепке жібереді. Он бір баланың он бір түрлі мінезі бар. Ұрсысады, тартысады. Әбдурахмановтардың  отбасындағы күнделікі тіршілік осы. «Өмірдің мәні, қызығы солар. Мен солармен баймын» деген әкесі  әрбір перзентінің ол үшін орны бөлек екенін айтады.

«Расында, бүгінде баланың тәрбиесі - тым күрделі мәселе. Ертеректе біз біріміздің киімімізді екіншіміз киіп, екіншіміз тістеген нанды үшіншіміз жеп жүре беретінбіз. Ал, қазір  бұл жағдай мүмкін емес. Он бір балам болса, әрқайсысына киімді, аяқ киімді бөлек-бөлек аламыз. Қайталанса «жанжал» (күліп) басталды дей беріңіз.  Олардың әрқайсысына тән мінездері бар. Ренжісіп жатса, кешірімді болуға, кек сақтамауға үйретемін.  Өзім араласып, тез арада татуластырамын. Бірлікпен, бауырмалдылықпен өмір сүргенде ғана шаңырақта әрдайым береке болатындығын айтып отырамын. Әженің, ананың тәрбисін көрген ұл-қыздарым жаман болмайды деп ойлаймын», - дейді отағасы.

Бауыржан ұл-қыздарының қасиеттерін сүйіспеншілікпен жеткізуден жалықпады. Өнерден кенде емес кейіпкеріміз, перзенттерінің жан-жақты болғандығын қалайды. Ішкі істер органдарындағы ауыр да салмақты қызметімен қатар шиіттей бала-шағаның қамын қатар алып жүрген асқаралы әке бүгінде барлық баласына көңіл бөлуге тырысады.

«Бауыржан бұрын гитара, домбырамен ән салғанды ұнататын. Кейін бала-шаға қамымен әрі  уақыт тапшылығынан оны ұмытты. Жақында балаларымызға екеуін де алып бердік. Енді өзінің өнерін баларына үйретіп жатыр, бірге ән де салады», - дейді келіншегі.

Жанұядағы балалардың тұңғышы биыл мектеп бітіреді. Оны оқытып, жоғары білімді ету әке-шешесінің ендігі арманы. Еліміздің демографиясына елеулі үлес қосып, үйемелі-сүйемелі бала-шаға тәрбиелеп отырған полиция сержантының отбасы бүгін осылай күн кешуде. 

Соңғы жаңалықтар