ШҚО: Жаңбыр жауады деген болжам тағы да су басу қаупін тудырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің ЖМК, №19, 20 шағын аудандары енді Шешек асуынан аққан судың астында қалмайтын болды. Облыс әкімі Даниал Ахметов Сәтпаев даңғылын бойлай қазылған арық-бөгет жүйесін өзі барып тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» мекемесі Шығыста осы аптада да тасқын қаупі сақталатынын ескертіп отыр. 20-21 наурызда жылы температура сақталып, жаңбыр жаууы салдарынан су басу қаупі тууы мүмкін. Осыған дейінгі мезгілсіз нөсер облыс орталығындағы негізгі даңғылдардың бірін көлкіген суға толтырып, ертеңінде жарты күн бойы кептеліс тудырған болатын. Облыстың әкімі Даниал Ахметов бұған ауданның инженерлік сызбасы дұрыс жасалмауы себепкер болғанын айтады.

Әкімнің айтуынша, тексеру кезінде Михаэлис сияқты көшелердің  суағарлары нөсер суын дер кезінде ағызып әкетуге қауқарсыз екенін, ал Красин кентіндегі арықтар қоқыс пен қалдықтан тазартылмағанын көрсеткен.

«4  күннің ішінде барлық су жолдары аршылды. Бұл шаруа баяғыда істелуі керек еді. Арықты қоқыстан тазарту сияқты жұмыстар күнделікті істелуі тиіс. Кез келген жобаны қолға алмас бұрын қаланың инженерлік сызбасын басшылыққа алу керек. Күн сайын ауа температурасы жылынып келеді. Атқарылған шаруаның арқасында өткендегідей су жайылмайды» - деді Даниал Ахметов.

Шешек асуынан аққан су жан-жаққа жайылмас үшін 900 метр құбыр төселді. Ал Сәтпаев дағылының 1333 метр бойына тереңдігі 2 метрден асатын арық қазылды.

Коммуналдық қызмет мамандары тәулік сайын қаладан 65 мың текше метр қар шығаруда. Ал төтенше жағдай қызметкерлері су басу қаупі бар аудандарда үй-үйді аралап, сақтық шаралары көрсетілген ескертпе парақтар таратуда.

Жағдайды жер тоңының бір метрден асып кетуі қиындатып отыр. Еріген қар суы мен мезгілсіз жаңбыр суы сол тоңның бетімен жүріп, елдің мазасын тағы алуы мүмкін. Сондықтан, құтқарушылар әр үй иесі ауладағы Тасқын туралы хабарды дер кезінде беру үшін облыс бойынша 112 және 138 нөмірлері тәуліктік режімде жұмыс істеп тұр. 

Соңғы жаңалықтар