ШҚО-ның 5 қаласында қалдық сұрыптау жүйесі енгізіледі

None
None
 ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов тұрғындарға есеп беру жиынында «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған бірнеше жоба шығыста жүзеге аса бастағаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста  тұрмыстық қалдықтарды кәдеге асыру және қайта өңдеу мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. Биыл Өскемен, Семей, Аягөз, Зырян және Шемонайха қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап төгу бағдарламасы жүзеге асырылатын болады» - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар Еуропа қайта құру және даму банкімен Өскемен қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасы бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Өңірде баламалы энергия көздерін енгізуге қатысты да ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.

«Аталған бағытта облысымызда төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың төртеуі де EXPO-2017 халықаралық көрмесінде қонақтар назарына ұсынылған болатын. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да Елбасы Жолдауындағы міндеттерге сәйкес жүргізілуде» - деді облыс әкімі.

Былтыр Жарма ауданында испандық «ARESOL» компаниясы мен «ЖаңғызСолар» ЖШС қуаты 30 МВт болатын күн электр стансасын салу жөнінде келісімге отырды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Тағы бір испан компаниясы «EPGSL» қазақстандық «SpainCounsulting» кәсіпорнымен бірлесіп, Ұлан ауданының Тайынты ауылы маңында жел электр стансасын салмақшы.

Бұған қоса Жаңғызтөбе кенті мен Шар қаласының маңында екі жел электр стансасын салу жөнінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

Соңғы жаңалықтар