ШҚО-дағы жылыжайда тропикалық жемістер өсіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Шығыс Қазақстандағы Украинка ауылында орналасқан жылыжайды дәл осылай атауға болады. Таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Хоббиді бизнеске айналдыра білу де өнер. Саналы ғұмырында инженер-техник қызметін атқарған Людмила Земляная зейнет жасына жеткенде өмірінің жаңа белесіне қадам басты. Осыдан 9 жыл бұрын жылыжай ашып, тропикалық және субтропикалық дақылдарды өсіруге ден қояды.

Еңбегі нәтижесіз емес. Ойындағы өсімдіктері өсіп, таңғажайып баққа айналды. Енді түрлі өсімдіктерді көру үшін тұрғындарға шетелге барудың қажеті жоқ. Украинка ауылына келсе болғаны.
 

«Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы лайық жағдай жасау. Бәрі де классикалық үлгі бойынша жарық беру, суару және қоректендіру болды. Мысалы мен лимонды жақсы көремін. Оның күтімі де оңай. Қыста жарықты аз беру керек. Күтім болса өнім де көп алуға болады. Ал төгілген гүл мен хош иіс жанға жайлылық береді», дейді жылыжай иесі Людмила Земляная.
 

Жылыжайда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Махаббатқа бөленген жемістер өнімді мол береді. Көпшілікті тәнті еткен алып лимондар мен кішкентай банандарды тамашалаушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді екен.

Жалпы аумағы мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт топтан тұрады. Өңір натуралистері мен флористері де жылыжайдың тұрақты меймандарына айналған. Ғылыми жұмыстар бойынша келісім жасау үшін еліміздің өзге өңірлерінен де мамандар келеді екен.

«Тропикалық өсімдіктер бар, лимон өсіріледі, ауылшаруашылық дақылдары да өсіріліп жатыр екен. Солардың бәрін көрдік. Енді студенттерімізді жылыжайға әкеліп, жұмыс жасап, байланыста болсақ деген жоспарымыз бар», - дейді биология кафедрасының меңгерушісі Айнаш Кітапбаева.

ФОТО: yk-news.kz

Соңғы жаңалықтар