ШҚО-да жеке тұрғын үйлер 11 типтік жоба бойынша салынады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда жеке тұрғын үйге арналған шағын аудандар пайда бола бастады. Қазірдің өзінде бұл бағытта 11 типтік жоба дайын тұр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша  жер теліміне кезекте тұрғандардың саны 29 мың адамды құрайды. Облыстың әкімі Даниал Ахметов осы сұранысты қанағаттандыру үшін Семей мен Өскемен қалаларында жаңа тұрғын аудандар бой көтеретінін айтты.

«Өскемен қаласының  №28 тұрғын ауданына, Семейдің «Ақсай, «Ұшақтар», «Комсомол» аудандарына ішкі және магистральдік желілер тартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде» - деді ол.

Әкімнің айтуынша, биыл облыс аумағында 1,3 млн шаршы метр баспананың құрылысы жүреді. Оның 400 мың шаршы метрі жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Жаңадан бой көтеретін ықшам аудандарда барлық үйлер бірыңғай сәулет стилінде бой көтермек.  Осылайша әр ауданның өзіне тән келбеті болады деп күтілуде.

Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 39,1 млрд теңгеге 874,5 мың шаршы метр баспана салынып, 380 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Өсім - 112 пайыз болған. 

Соңғы жаңалықтар