ШҚО-да сыйақы алатын мұғалімдер саны артады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық 11 мұғалім CELTA сынағында жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық дәрежедегі ағылшын тілін оқытушы атанды. Бұл туралы әкімдіктің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз пәнін жоғары деңгейде меңгертіп жүрген ұстаздарды ынталандыру мақсатында өткен жылы Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Зырян, Бородулиха аудандарының 12 мұғаліміне 800 мың теңгеден бір реттік сыйақы тағайындалған болатын. Биыл сыйақы алушылардың санын ұлғайту көзделіп отыр.

«2017 жылы біліктілік деңгейі жоғары болған оқытушылар тиімді тағайындау жүйесі бойынша сыйақы алды. Көрсеткен нәтижелер негізінде сыйақыға лайықты мұғалімдер қатарын арттыруды тапсырамын» - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.   

Былтыр  қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен сабақ беретін 2430 мұғалім ұзақмерзімді біліктілікті арттыру курстарынан өткен болатын. Ал 2016 жылы үздік нәтиже көрсеткен 21 ағылшын тілі мұғалімінің 11-і CELTA сертификатына ие болды. Аталған құжат ШҚО мұғалімдеріне халықаралық деңгейдегі тренер болуға мүмкіндік береді.

«Халықаралық емтиханда базалық және қарапайым деңгей көрсеткен 400 мұғалім 144 сағаттық курстан өтеді. Оларды халықаралық CELTA сертификатын алған 11 мұғалім мен әдістемесін жоғары деңгейде меңгерген 16 ұстаз оқытылатын болады. Оқыту үрдісі көшпелі негізде тегін өтеді» - деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.   

Ал соңғы 2 жыл бойы төмен көрсеткіш көрсетіп келе жатқан мұғалімдерге еңбек келісімшартын бұзу шарасы қолданылмақ. Жалпы, Шығыс Қазақстан 2019 жылға дейін үштілді оқытуды енгізу бойынша пилоттық өңір есебінде тұр. 

Соңғы жаңалықтар