ШҚО-да екі өзен арнасынан тасып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН.  ҚазАқпарат -  Өскемендік мамандандырылған құтқарушылар тобы Глубокое ауданының Прогресс ауылында 25 адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті  таратқан ақпаратта аталмыш тұрғындардың бір бөлігі туыстарын, бір бөлігі мектеп ғимаратын паналағаны айтылған. Құтқарушылар адамнан бөлек 10 бас ірі қара мен 20 бас ұсақ малды судан құтқарған.


Ал осы ауданның Тарханка ауылында екі бірдей өзен арнасынан асып, ауылға қауіп төндірген. Төтенше жағдайлар мамандары судың жолын бөгеп, тасқын бағытын ауылдан тысқары бұруда.

«Сондай-ақ,  «Өскемен-Семей» жолының 29-шақырымында су жайылды. Ағынның жалпақтығы 50 метрге жеткен. Аталмыш бөлікте арнайы бекет ұйымдастырылып, жол жөндеуші мамандар жұмыс істеуде», - делінген төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Ғаламторда Өскемен қаласы мен Ұлан, Шемонаиха, Глубокое аудандарынан бөлек Катонқарағай ауданында да бір ауылға су жайылғаны туралы ақпарат тарады. Дағдарыс орталығына түскен дабылдар бойынша жедел штаб құрылып, құтқарушылардың жұмысын үйлестіруде. Өскеменнің өзінде жайылған судың зардаптарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

«Су ортасында қалған тұрғындар дереу «112» және «138» нөміріне хабарласуы керек. Құжаттары мен киім-кешегін,  ең қажет деген азық қорын оңай жерде ұстаған жөн. Егер үйге су кірсе, мүмкіндігінше электр желісін ажырату қажет. Құтқарушыларды қауіпсіз жерде күту керек», - деп ескертеді төтенше жағдайлар қызметі.

Соңғы жаңалықтар