ШҚО-да балалардың гепатитке шалдығуы. Жаңа деректер аталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы Үржар ауданының Шолпан ауылында 49 балаға «А» вирусты гепатиті жұғып, бір баланың қайтыс болуына қатысты ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірдің ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

«Барлығы 46 бала тексеріліп, соның 25-і тереңдетілген диагностикадан өткізу үшін Үржар аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Тек 12 балада диагноз расталды. Олардың 11-і мектеп оқушысы, ал біреуі үш жаста. Бұл - бүгінгі ресми статистика. 2017 жылдың қыркүйегінен бері ауру түрлі айларда жекелеген фактілер ретінде тіркелген. Науқастардың барлығы білікті медициналық көмек көрсетіліп, жағдайы жақсарған соң ауруханадан шығарылды», - деп мәлім етті басқарма басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Бұдан тыс, науқастармен қарым-қатынаста болған балаларға түгел екпе жасалуда. Шолпан ауылында 140 адам вакцинацияланды. Жұқпалы аурудың барлық ошақтарында, мектепте қорытынды дезинфекциялық шаралар жүргізілді.

Райфа Сафиоллинованың сөзіне қарағанда, баланың қайтыс болуына басқа ауру себеп болған.

«Паталогоанатомиялық сараптама және лабораториялық зерттеулер балада «А» вирусты гепатиттің болмағанын көрсетті. Кішкентай қыздың ауруына бауырдың өткір некрозы, сепсис себеп болған. Сондықтан бауырдың өткір  жетіспеушілігі туындаған. Бұл ауру «А» вирусты гепатитімен байланысты емес», - деді Р. Сафиоллинова.

Басқармадағылар бүгінгі таңда облыста, соның ішінде Үржар ауданында «А» вирусты гепатитінен қайтыс болу жағдайлары тіркелмегенін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар