ШҚО-да АӨК дамыту бойынша 154 жоба жүзеге асырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО-да АӨК дамыту бойынша жалпы сомасы 9,3 млрд. теңгеден асатын 154 ірі және шағын жоба жүзеге асырылды, деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов.

«Жалпы облыста АӨК дамыту бойынша жалпы сомасы 9,3 млрд. теңгеден асатын 154 ірі және шағын жоба жүзеге асырылды. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы белсенді түрде жүргізілді. 2014 жылы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша облыста сомасы 6,1 млрд.теңгені құрайтын 68 жоба жүзеге асты. 2013 жылмен салыстырғанда «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша облыста жоба саны 3,5 есеге көбейді, инвестициялар көлемі 2,2 есеге ұлғайды», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол облыста 285 бордақылау алаңы (49 мың басқа арналған) жұмыс істейтінін, олардың 9-ы 2014 жылы ашылғанын айтты.

2014 жылы сүт өндірісін ұлғайту үшін «Е.Зайтенов» ШҚ-да роботтандырылған СТФ-ның құрылысы мен оны қалыпқа келтіру аяқталды, Ұлан ауданында 400 басқа арналған 1 СТФ және 100 басқа арналған 2 СТФ салынды.

Сонымен қатар «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» және «Жайлау» мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру аясында облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 13 мың бас қой, 1,5 мың бас жылқы сатып алды.

Кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы машина-трактор паркін жаңарту бойынша жұмыстары жөнінде баяндады. 2014 жылы 6,1 млрд. теңгеге 810 ауыл шарушылығы техникасы сатып алынған. Соның ішінде 5,1 млрд. теңгеге 646 бірлігі лизинг арқылы алынған. Бұл аталған бағыттағы жалпыреспубликалық шығынның 16 % құрайды. 2014 жылы «Қазагроқаржы» АҚ арқылы машина-тракторлық паркті жаңартуға құйылған инвестиция көлемі 34% артты.

«Жалпы, ауыл шаруашылық тауарын өндірудегі өсім қарқыны ағымдағы жылы да жалғасып келеді», - деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығынан.

Соңғы жаңалықтар