ШҚО-да «Ақбілектің» прототипі - Дариға Әбішқызының көзін көрген келіні тұрады

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілектің прототипі Дариға Әбішқызының көзін көргендердің қатары саусақпен санарлықтай ғана қалды. Солардың бірі - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Қалжыр ауылында (бұрын Марқакөл ауданына қараған) тұратын Мағишат Смағұлқызы есімді 82 жастағы әже. Кейуана Дариға ананың кенже ұлы Ниязбек Қоқымбаевтың зайыбы. Мағишат Смағұлқызының жасы сексеннен асса да кейуана әлі тың екен.

Мағишат апа қартайдым демейді, үй шаруасына бір кісідей епті, шаруақор. Жұбайы Ниязбек Қоқымбаев оқу-тоқудан бас алмай, өмір бойы Құмаш Нұрғалиев атындағы Боран мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған. Мағишат апаның шаруақор болуына Дариға ананың пысықтығы мен іскерлігі тәлім болғанға ұқсайды. Жаңауыл ауылында тігінші болып, солдаттарға шинель тігіп жүрген кезінде Дариға анамен бірге Мағишат Смағұлқызы да  іс тігеді. Ниязбек Мағишатқа сөз салып, көп өтпей екеуі отбасын құрған. Ниязбек ата осыдан он екі жыл бұрын өмірден өтіп кетіпті.
null 

Сексен екі жастағы Мағишат Смағұлқызының айтуынша, Дариға ананың Әмірғұмар мен Ниязбек атты екі ұлы, сонымен бірге асырап алған тағы үш баласы болған. Кенже келіні енесіне «апам» деп еркелепті. Дариға ана көзі тірісінде жұбайы Өтеулінің Қытайда аса қатігездікпен өлтірілгені туралы қайғылы оқиғаны айтып отырады екен. «Өтеулі өлді» деген хабар жеткен уақытта Мағишаттың жұбайы Ниязбек екі-ақ жасар бала болған. Қаралы хабарды естіп үйінде жата алмаған Дариға Ниязбекті шешесіне қалдырып, Қытайға бет алады. Ол жақтағы ахуалдың да оңай болмағаны белгілі. Қытайда Өтеулінің көзін құртқандар түн жамылып, Дариға мен туыстарын ұстамақ болыпты. Бірақ, Дариға ананың алыстан туысатын бір сіңлісі бұл хабарды кездейсоқ естіп қалып, қаралы ауыл бергі бетке қашып үлгереді.

«Апам ауылдағы балалардың бәріне қамқорлығын аямады. Ешкімді ешкімнен кем-қор көрген жоқ. Жоқшылық заманда іс тігіп, нан табатын. Бес баланы әкесіз өсірді, жетілдірді. Апамның шешесін көрген жоқпын. Талай жыл өтті ғой, балам. Дариға Әбішқызы 1902-1956 жылдар аралығында өмір сүрген. Ауырып қайтыс болды. Мәңгілік мекені Жаңаауылда», - дейді Мағишат Смағұлқызы.

Ниязбек пен Мағишаттан жеті бала өрбіп, екеуі қайтыс болған. Бүгінгі таңда кейуана Боран ауылындағы ұлы Мараттың қолында. Үйінде Дариға ананың өз қолымен сырған сырмақтары күні бүгінге дейін сақтаулы екен.
null null null 

«Ниязбек те, апамның басқа балалары да көп қиыншылық көрді. Апамды «байдың баласы» деп көп қудалады ғой. Ақыры, солдаттарға шинель тігіп, қолғабыс еткеннен кейін қудалаушылар тиіспеді. Апам қорыққанынан біреулер алып кетпесін деп балаларын молалар тұрған сайға апарып жасырып ұстайды екен. Соғыстан кейінгі жылдары он екі отбасы бірлесіп ғұмыр кештік. Семейден оқу оқып келген едім. Апам маған «балаларға тамақ пісіресің» деп, он екі отбасы «шәй» деспей өмір сүрдік. Тал жағып, барымызды талғажау еттік. Мал бақтық. Апам ауылдың аш-жалаңаш жетім балаларын да аштықтан аман алып қалды ғой. Тағдырының тауқыметіне төзді, сынып кетпеді. Өз балаларын асырап-сақтап, оқытып-тоқытып жеткізген де сол апам», - дейді Мағишат апа.

Ал Дариға ананың тұңғыш ұлы Әмірғұмардан Мұрат, Сәжида, Қажымұрат, Сейітмұрат, Күләндә, Гүлбадан атты алты бала тарайды. Дариға ананың кенже келіні Күлзайра Тоқтарбайқызының (Мұраттың зайыбы) айтуына қарағанда, Дариға ананың туыстары жақында бас қосып, ғазиз ананың басына ескерткіш орнатуды ойластырып отыр екен.

Аян Бекенұлы

Соңғы жаңалықтар