Шілдеде Астанаға тартылатын газ құбырының құрылысы басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Сарыарқа» газ құбыры құрылысына дайындық жұмыстары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының бесінші әлеуметтік бастамасының арқасында орталық және солтүстік өңірлерге, оның ішінде Астанаға газ тарту мәселесіне шешім қабылданды. Бүгінде «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме аяқталды. Сонымен қатар, бұл құжат аясында мемлекеттік сараптаманың оңтайлы қорытындысы берілді. Газ құбырының құрылысына биылғы шілдеде кірісу жоспарланып отыр», - деді Қ. Бозымбаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында.

Осы орайда министр магистральды газ құбыры бірінші кезеңінің барлық жұмыстары 2019 жылдың желтоқсанына дейін аяқталатынын атап өтті. Бірінші кезеңдегі  «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» желісінің құны 267,3 млрд теңгеге бағаланды. Осы орайда, газ құбыры тартылатын аралық 1 081 шақырымға созылады, ал құбырдың диаметрі 820 миллиметрге тең.

«Бұл көрсеткіштерді техникалық-экономикалық негіздемеге сүйеніп айтып отырмын. Алайда жобалық-сметалық құжатнама әзірленіп қойды. Осыған байланысты, қазіргі кезде ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Атап айтқанда, көрсеткіштер өзгеруі мүмкін, себебі құбыр бағдары аздап қысқарады, осы орайда кейбір аралықтарда құрылыс арзандайды. Менің ойымша, бір айдан кейін осы бағыттағы есеп-қисап біршама түзетулі ықтимал», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар