Шеттегі қазақ Отанына оралғанда ерекше жағдай жасау қажет деуден аулақпыз - Франция қазағы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шеттегі қазақ Отанына оралғанда  ерекше жағдай жасау қажет деуден аулақпыз. Мұндай пікірді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Францияның Париж қаласынан келген кәсіпкер Мехмед Зенгин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Алматыда тұтыну өнеркәсібінің халықаралық көрмесі өтті. Оған шетелден келген 40-қа жуық фирманың арасында мен жалғыз қазақ болдым. Көрмеден  кейін бизнесімді осында көшіріп, Отаныма пайда келтіру шешімін қабылдадым. Бірақ, бұл біршама қиын шаруа екен», - деді ол.

Кәсіпкер шетелдегі өндірісін Қазақстанға ауыстыру үшін   жер сатып алу мүмкін еместігін, жалға алу да оңай болмай тұрғандығын айтты.

«Басқа да қағазбастылық көп. Біз, шетелдегі қазақтар адам үйіне оралғанда оларға ерекше жағдай жасау қажет деуден аулақпыз.  Дегенмен басқа  шетелдік инвесторларға қарағанда шетелден келген қазақтарға жеңілдіктер беру керек сияқты.  Олар елге келсе түпікілікті қалады. Сондықтан туған жер бағдарламасын жүзеге асырғанда елге келіп кәсібін ашқысы келетін қазақтарды қолдау тетіктері жасалса деп ойлаймын», - деді Мехмед Зенгин.

Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жер сатылмайтындығын баса айтты.

«Еліміздің заңы бойынша жер сатылмайды. Бірақ, жерді 49 жылға жалға алып жұмыс істеуге болады. Бұл мәселені шешуді Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырамын. Кездесіп, шешіп, жұмыс істейтін бол»,-  деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар