Шетелдегі қазақ балалары атажұртқа оралуды армандайды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Шетелдегі қазақ балалары ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрді сақтап жүр. Олардың бар арманы Қазақстанға оралып, білім алу, Отанға қызмет ету, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдегі қазақ балалары Ақтөбеге жиналып, «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім!» атты ХІV халықаралық олимпиадаға қатысты. Атажұртты көрген әр баланың қазіргі арманы - Отанға оралу. Олар Қазақстанға көшіп келудің жолдарын іздеп жүр. Кейбірі білім алып, тұрақты қоныстануды ойға алған. Иранда тұратын Мохаммад Тани қазақ тілінің атадан балаға мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп, таралғанын айтып берді. «Иранда қазақша мектеп жоқ. Біз тілді ата-анамыздан үйренеміз. Ирандағы қазақтар ана тілін атадан балаға мирас етіп қалдырып, үйретіп келеді. Соңғы жылдары тіліміз ұмытылып барады, сөздеріміздің арасында парсы тілінде айтылып жатады. Ирандағы балабақшада парсы тілі, мектепте парсы тілі, оқу орны да мемлекеттік тілде білім аламыз. Қазақ мектебі ашылса қуанар едік. Қазақ балалары ана тілін біліп, бойға сіңіріп өсуді армандайды»,- дейді Мохаммад Тани. Парсы және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қазақ баласы енді қазақша жазуды үйренбек. Ол интернеттің емес, кітаптың көмегіне жүгінген.

Өз-өзіне сенімді Мохаммад бір жылда жазуды меңгеріп, келесі сапарында өз қандастарымен тең дәрежеде тілдесуді жоспарлап қойған. «Қазақстанға көшкіміз келеді. Иранда  ата-анамыз жұмыс істеп, еңбек етіп жатыр. Зейнетке шыққан соң елге оралсақ деп отыр. Ирандағы қазақтар бір-бірін таниды, жақын араласады, бір жерге қоныстанған. Үш қалада қазір 5 мың қазақ бар. Бізде қазақтың салт-дәстүрі сақталған. Ораза айт кезінде бір-бірімізге қонаққа барып, тойлаймыз. Бес уақыт намазды ер балалар 12 жастан бастап үйреніп, оқиды. Ал қыздар 9 жасында бастайды. Тойымыздың дастарханына ұлттық тағамдар қойылып, тұсаукесер, сүндет той, үйлену тойы, беташар салымыз сақталған. Ал бос уақытымда баскетбол, волейбол, теннис ойнаймын. Үздіктердің қатарындамын, үнемі жеңіске жетіп жүрмін. Болашақта спортшы болуды армандаймын»,- деді ол.

Ал Өзбекстанда тұратын Ерболат Камалов болашақта филолог болуды армандайды. 18 жастағы жігіт Өзбекстанда көлік жөндеудің қыр-сырын меңгеріп жүр. Әрі асаба. Жеті өнердің иесі өлең шығарып, ұстаз болуды армандайды. «Ақтөбе туралы ақпаратты интернет арқылы іздеп, таныстым. Ақтөбе келген соң Қобда ауданында болып, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жеріне бардым. Қандастарымызбен кездесіп, мейірімін көрдім. Ақтөбеге келіп, танысқан соң оларға бауыр бастып қалдым. Қазақта «қаны тартады» деген сөз бар. Атажұртқа келіп, өз елімді көргенім мен үшін баға жетпес бақыт. Әрбір қазақ Отанына оралуы керек. Мен Қазақстанға келіп, оқып, ел игілігі үшін жұмыс істегім келеді», - деді Ерболат Камалов.

null

Өзбекстанда тұратын қандасымыз мектепті қазақ тілінде оқыған. Ал колледжде көлік жөндеуші мамандығын өзбек тілінде меңгеріп жүр. Қазақ тіліне жетік қандасымыз өзбек тіліне келгенде кейде мүдіріп қалады. «Отбасыммен көшіп келсем деген арманым бар. Ол үшін мен Қазақстанға тегін оқуға түсіп, білім алуым керек. Сол кезде ата-анам келіп, бәріміз атажұртпен қауышар едік»,- деді ол.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық орталығымен бірлесе Ақтөбе облысында олимпиада өткізді. Білім жарысына Қытайда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Иран мен Ресейде тұрып жатқан қазақ балалары қатысты. Олимпиада нәтижесі бойынша 10 жеңімпаз тегін оқуға грант ұтып алды. Олар Қазақстанның 10 жоғары оқу орнында білім алады.

Соңғы жаңалықтар