Шетелдегі дарынды әрі білікті қазақтармен тығыз байланыс орнатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жаңа көші-қон тұжырымдамасында шетелдегі этникалық қазақтармен, олардың ішінде дарынды әрі іскер азаматтармен тығыз байланыс орнатуға негізгі басымдық берілген.

 Жоғары білікті мамандарды жеңілдетілген тәртіппен жұмысқа алу жайы да қарастырылып қойған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, аталған құжаттың негізгі бағыттарының бірі - этникалық көші-қон. "Тұжырымдаманың аясында біз Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын қарастырдық. Оған сәйкес, этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін қана қарастырмай, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып, пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыс қарқынын күшейту көзделуде. Ол үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерлерінде мәдени орталықтарын құруына ықпал жасап, қандастарымыздың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынасын ұйымдастыратын болады", - дейді Дүйсенова.

Бұдан бөлек, шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, соның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды тарту мақсатында жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отыр. Ал жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін ұсыну тетігі енгізілмекші.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Тамара Қасымқызы көші-қон саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың жобасын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар