Шетел тілдеріне аударылатын шығармаларды іріктеу әділ жүруге тиіс - Жанарбек Әшімжан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында қазақтың әдеби шығармаларын әлемнің алты тіліне аударып, таныстыру мәселесі айтылған еді. Сонымен қатар, аударма бюросын құру мәселесі де көтерілген-ді. Алдағы уақытта қазақтың қандай шығармалары шет елдегі оқырманға таныстырылады, аударма жұмыстары қалай атқарылады? Осы мәселе төңірегінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, ақын Жанарбек Садықанұлы Әшімжанмен «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі сұхбаттасқан болатын.

- Жанарбек Садықанұлы, шетел тілдеріне аударылатын шығармаларды іріктеу қалай жүйеленіп жатыр? Тәуелсіздік жылдары қанша шығарма аударылды?

- Рас, соңғы жылдары жазушыларға билік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Әйткенімен, әдеби аудармаға мемлекеттен тікелей қаржы бөлінбесе, оның жүзеге асуы қиын. Кеңес Одағы тұсында әдеби аудармаға мемлекеттен арнайы қаржы бөлінетін. Соның арқасында даңқты классиктеріміз: Әуезов, Мүсірепов, Соқпақпаевтар өзге тілдерге аударылды. Олар шетелдерге мемлекеттің ақшасымен 100 мыңдаған тиражбен аударылып, таралды. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін, шығармашылық одақтар әлсіреді, жазушылардың қаламақысы жойылды. Бұл жағдайда әдеби аударма мүлдем тоқтады.

- Сонда қазір әдеби аударма қалай жүзеге асып жатыр?

- Қазір жекелеген жазушылар өз таныстары немесе жеке қаржы мүмкіндіктерін пайдаланып, аударттырып жатыр. Мысалы, Түркияда Бексұлтан Нұржекеев, Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдаулет, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Жұмабай Шаштай, Мархабат Байғұт, Рахымжан Отарбаев, Берік Шаханов секілді қаламгерлердің шығармалары түрік тіліне аударылып, басылды, таратылды. Бұған негізінен қолдау көрсеткен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және «ТҮРКСОЙ» ұйымы болатын. Көбіне, елшіліктер арқылы жұмыс жасалды. Соңғы уақыттары мысалы, 2015 жылы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Мұқағали Мақатаев қытай тіліне аударылды. Оны Жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қормен бірлесе отырып, Қытайға ұсыныспен шығып, Бауыржан Оспановтың демеушілігімен аудартты. Сол секілді, Бердібек Соқпақбаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары ағылшын тіліне аударылды. Бұл жобаларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов демеуші болды. Рахымжан Отарбаев қытай тіліне өз шығармаларын аудартты. Ол да өзі демеушісін, аудармашысын тапты. Сондықтан, аудармаға мемлекет тарапынан қолдау болмаса жекелеген қаламгерлердің ісі өнбейді.

- Енді алдағы уақытта қандай шығармалар аударылады?

- Бұл мәселемен айналысатын арнайы Ұлттық комиссия құрылды. Оның сыртында тікелей әдеби аудармаға байланысты Нұрлан Оразалин жетекшілік ететін, Одақ жанында сарапшылар алқасы бекітілген. Осы бағытта жұмыстар атқарылады деп ойлаймын.

- Сарапшылар комиссиясында қанша адам бар? Оның қатарында кімдер бар?

- Сарапшылардың санында белгілі шектеу жоқ. Аударма мәселесі бойынша құрамында Мұрат Әуезов, Тұрсынжан Шапай, Смағұл Елубай, Жұмабай Шаштайұлы, Ғалым Жайлыбай, Әлібек Асқаров, Әлия Бөпежанова, Ұлықбек Есдаулет, Сұлтанәлі Балғабаев, Бақытжан Қанапьянов, Любовь Шашкова, Надежда Чернова, Светлана Ананьева, Ахметжан Ашири, Қайрат Бақбергенов сынды қаламгерлер бар. Осыған  дейін сараптау алқасының үш жиыны өтті. Аударылатын негізгі авторалардың тізіміне қатысты үлкен талқылаулар болды.

- Тізім қалай іріктеледі?

- Сараптау комиссиясы шығармаларды ұсынады. Көрнекті қаламгерлермен қатар аймақтардағы талантты ақын-жазушылардың шығармалары аз айтылған жоқ. Бұл біразға созылатын процесс. Тізімге талап бойынша тәуелсіздіктен бері дүниеге келген шығармалар енуі қажет. Алайда, бізге бұрын айналымға енген, аударылған дайын шығармаларды беру қажет деген ұсыныс та түсті. Жастардың шығармалары да сырт қалмайды. Ұлттық комиссия құрамында қаламгерлерден ұйым тарапынан Нұрлан Оразалин мен Ұлықбек Есдаулет мырзалар бар. Жалпы, қаламгерлер аударма мәселесіне байланысты үкімет қолдауына өз разылықтарын білдіруде. Шығармаларымыз әлемнің алты тіліне аударылады деп жоспарланғанын білесіздер. Бірақ қанша қаламгердің туындысы аударылады, елу ме, жүз елу ме, нақты саны әзірге белгісіз.

- Әйтсе де қаламгерлердің қандай шығармалары аударылады?

- Сарапшылар комиссиясында бір пікір қайшылығы болды. Мысалы, Әлібек Асқаров «кірпіштей» ірі шығармаларды аударудың қажеті жоқ деген пікір айтты. Мәселен, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер», «Соңғы парызынан» гөрі ол кісінің жақсы бір әңгімесін, болмаса Кекілбаевтың бір әңгімесін аударсақ деген ой тастады. Оны қолдағандар да болды, қарсы болғандар да бар. Мысалы, Жұмабай Шаштайұлы жазушының «паспортындай» болған ең үздік шығармасын аударайық деген ұсыныс айтты. Сосын, жастардың кітабын жеке-жеке шығарғаннан гөрі шығармаларын жинақтап, бір антология құрастырсақ деген ұсыныс айтылды. Сараптау комиссиясында шығармаларды іріктеу кезінде алалау, «бармақ басты, көз қысты» ағайыншылдыққа жол берілмей ме деген мәселе айтылып, қатаң сүзгіден өткізу мәселесі сөз болмай қалған жоқ. Ендігісін уақыт көрсетеді.

- Осы жұмыстарға Үкіметтен қанша қаржы бөлінетіні айтылмады ма?

- Әзірге қанша қаржы бөлінетіні айтылған жоқ. Ең құрығанда, 100 автор аударылса, үлкен жұмыс болар еді.

- Жәке, сұхбатымыздың басында, бірқатар шығармалар шетел тіліне аударылғанын айттыңыз, сол шығармалар өзге елдерде қалай қабылданды?

- Ол туралы нақты ақпаратым жоқ. Француз тіліне аударылған шығармалар ішінде Ғалымжан Мұқановтың еңбектерін айтуға болады. Ол кезінде Абайды, Махамбетті тікелей француз тіліне аударды. 1997 жылдары аударылған ол еңбек жақсы қабылданды. Франциядан келген қаламгерлер бірінші Ғалымжан Мұқановтың атын айтып келетін. Өте сауатты аударылған деп айтатын. Татар, башқұрт тілдеріне аударылып жатыр. Ғалым Жайлыбайдың шығармалары 13 тілге аударылды. Соның ішінде, башқұрт, татар тіліне өте сауатты аударылғанын мамандар айтты.

Ал кейінгі буынның ішінде Дәурен Берікқажы, Танагөз Ілиясовалар секілді тіке ағылшын, француз тіліне аударатын мамандар бар. Алдағы кезеңдерде осы қаламгерлердің қатары молайса, шетел тілдеріне аударылған шығармалардың сапасы туралы да толыққанды мәлімет алуға болады ғой деп ойлаймын. Үкіметке аударма бюросын құру туралы нақты тапсырма берді. Аударма бюросы қалай құрылады? Бұл әзірше сұрақ күйінде ғана тұр. Алдағы уақытта шешімін табуға тиіс.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет.  

Соңғы жаңалықтар