Шетел инвестициясын тартып қана қоймай, оны ұстап қалуға да күш саламыз - Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада шет мемлекеттердің елшілеріне Қазақстанның инвестициялық стратегиясы таныстырылды. Жиынға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың өзі төрағалық етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде елімізде инвестициялар саласындағы заңнама түбегейлі өзгерді. Бүгінде аталған нормативтік актілер xалықаралық талаптарға сай келеді. Бұдан бөлек, бірқатар мемлекеттер үшін көші-қон заңнамасы жағынан жеңілдік жасалды. Инвесторлар үшін визалық жеңілдік қана емес, салық, кеден мен рұқсат беру бойынша ыңғайлы жағдайлар жасалды. "Осының арқасында Қазақстан Дүниежүзілік банктің "Doing Вusiness" рейтингісінде 41-ші орыннан 35-орынға дейін көтерілді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізге тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 20,6 млрд. долларға дейін өсті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 40 процентке артық. Ол ақшаның басым бөлігі тау-кен, өңдеу кәсібі, электр энергиясымен қамтамасыз ету мен ақпараттық теxнологияларға салынады. Өңдеу кәсібін алатын болсақ, оның ішінде металлургия, xимия өнеркәсібі мен машина жасау саласына салынатын инвестициялар артып келеді", - дейді Қасымбек.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасына инвестиция салу жағынан Нидерланды көш бастап тұр. Одан кейін АҚШ, Швейцария, Франция, Қытай мен Ұлыбритания келеді.

"Биылдан бастап шетел инвестицияларын тарту жүйесі қайта қаралып жатыр. Осыған орай, біздің алдымызға жаңа міндеттер қойылып отыр. Біріншіден, шетел инвестицияларын тартып қана қоймай, оны ұстап қалу қажет. Реинвестициялар (салынған ақшадан түскен пайданы қайтадан сол нысанға салу - авт.) үшін барлық жағдайларды жасау маңызды. Ол үшін биыл маусым айының аяғына дейін біз Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, инвестицияларды тартудың ұлттық стратегиясы даярланатын болады. Стратегия инвестицияны қайдан, қалай және қай салаға тарту қажет екенін айқындайды. Аталған құжатта мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен жергілікті атқарушы органдарының осы саладағы жұмысын үйлестірудің нақты меxанизмі жазылады", - деп атап көрсетті министр.

Қазақстанда инвестицияларды тарту жұмысымен нақты бір компания айналысады. Ол - "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы. Бүгінде оның шетелде және жергілікті жерлерде арнайы бөлімшелері жұмыс істейді. Компания Үкіметтің атынан барлық келіссөздерді жүргізетін болады. "Былайша айтқанда, Kazakh Invest инвесторлар үшін Қазақстанға кіретін есік сияқты болады. Ол инвесторларды елімізге кіргізіп қана қоймай, келіссөздерден бастап нақты жобаны іске қосуға дейінгі жұмыспен айналысатын болады. Ал компанияның жергілікті жердегі өкілдері облыс әкімдерінің кеңесшісі қызметін қоса атқарады", - дейді Қасымбек.

Айта кетейік, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға тартылған инвесторлардың аймақтарда бірқатар кедергілерге тап болатынына алаңдап отыр. Соның бірі - жергілікті биліктің тіл білмеуі.  

Соңғы жаңалықтар