Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Президенті: Қазақстанға сапарымнан екі елдің халқы көп нәрсені күтіп отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев наурыздың 22-23 күндері Астанаға алғаш рет мемлекеттік сапармен келеді. Бауырлас халықтар үшін ұлық мейрам саналатын Наурыз мерекесі күндеріндегі сапардың маңыздылығына сарапшылар назар аудара бастаған болатын. Осынау мемлекеттік сапар қарсаңында Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген болатын.

- Құрметті Шавкат Миромонұлы, бұл Сіздің Өзбекстан Президенті ретіндегі Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарыңыз. Астанаға қандай сезіммен келе жатырсыз?

Шындығында да Қазақстанға жоспарланып отырған алдағы мемлекеттік сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымыз үшін маңызды саяси оқиға болып табылады. Бұл ең алдымен тарихы ортақ, мәдениеті мен рухани дамуы, дәстүрлері мен діні бір екі елдің байланысында ерекше маңызға ие. Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының жоғары деңгейдегі көрсеткіші Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы келісім екені сөзсіз. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік саясаттың көптеген мәселелері бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас.   Өзбекстан мен Қазақстан өңірдегі ахуалға өздерінің тұтастай жауапкершілігін сезінеді, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен бейбітшіліктің нығаюын барынша қолдайды. 

Біз Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсіп отырғанына қуанамыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болудың өзі Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін айқындап, халықаралық қоғамдастықтағы орнын көрсетіп отыр.

Қазақстан Президентімен болатын алдағы кездесуде біз ең бірінші кезекте елдер арасындағы байланысты белсенді ете түсу мәселелері бойынша пікір алмасып, тұтастай өңірдегі жағдайды да талқылайтын боламыз. Өзбекстан халқы бауырлас Қазақстанның Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты біледі және құрметтейді. Былтырғы жылдың қыркүйек айында досы Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовты еске алу үшін Н.Назарбаевтың біздің елімізге арнайы келуін халық оның тұлғалық қасиеті ретінде жоғары бағаланған болатын. Мұндай дүниелер еш уақытта ұмытылмайды...

Қазақстанға сапарым біздің қарым-қатынасымызды дамыта түсу үшін жаңа қадамдарға жол ашады деп сенемін. Екі елдің де халқы дәл осынау кездесуден көп нәрсе күтіп отырғанын білеміз. Ондай сенімдердің ақталатынына да менің үмітім мол.

- Сіздің басшылығыңызда қабылданған аса маңызды құжаттардың бірі 2017-2021 жылдарға арналған Өзбекстан Республикасын дамытудың бес басымдық бағыттары бойынша іс-қимылдар стратегиясы болып табылады. Құжатта Халықпен диалог және адам мүдделері жылы бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылған. Мемлекеттің келешек дамуы үшін неге дәл осы басымдық таңдап алынды?

Сіз тәуелсіз Өзбекстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен табысты нарықтық экономиканы құру қолға алынып, оның басым бөлігіне қол жеткенін білетін боларсыз.  Өмір бір орнында тұрмайды, елдің одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін әлі де көп дүниелер жасалуы керек. Қабылданған іс-қимыл стратегиясы алдағы бес жыл ішінде Өзбекстанның қалай дамитынын айқындайтын болады.

Бұл бағдарламалық құжат мемлекеттік құрылыс саласын, сот-құқықтық реформаларды қамтиды, тұрақты экономикалық өсімді, әлеуметтік саланы дамытуды қалыптастырады, ел қауіпсіздігі мен сыртқы байланыстардың дамуын қамтамасыз етеді.  Стратегия - бұл кабинетте туған ойдың жемісі емес екеніне назарыңызды аударғым келеді. Бұл құжаттың жобасы жалпыхалықтық мақұлдауға ие болды, алдын ала қоғамның кең ауқымдағы талқылауынан өтіп, оның барысында мыңдаған ұсыныстар айтылып, жаңа бастамалар көтерілді. Ондай ұсыныстар мен бастамалардың басым бөлігі құжаттың соңғы редакциясынан көрініс тапқан болатын. Құжаттың негізгі мағынасын мемлекетіміздің одан әрі даму басымдықтарының таңдауы деп айқындаған болар едім. Ал ондағы басты мәселелер адами мүдделер және оның қажеттілігі мен сұранысын қамтып, Өзбекстанның біртұтас мемлекет ретінде адам құқықтарына кепіл берілген, орнықты дамуы қамтамасыз етілген дамыған елдер қатарына кіруден туындайды. Стратегияның маңызды бөлігі  - 2017 жыл біздің елімізде Халықпен диалог және адам мүдделері жылы ретінде жарияланды. Бұл негізінен билік пен еліміздің кез келген азаматтары арасындағы тікелей байланысты қалыптастырудың өзектілігімен түсіндіріледі. Бұл ретте былтырғы жылдың соңына таман халық пен мемлекет арасындағы өзара іс әрекеттің титімді тетігі ретінде виртуалды қабылдау ашылып, онда бүгінгі күнге дейін жарты миллионнан астам адам пікір білдірген. Осындай өтініштердің барлығы дерлік қаралып, белгілі бір формада жауаптар берілді.

Мен халықпен диалогсыз ешқандай да табысты дамуды қамтамасыз ету мүмкін болмайтындығына сенімдімін. Ал мұның түпкі мәніне келсек, ол қарапайым ғана формуладан тұрады: халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа қызмет етуі керек. Менің ойымша, Өзбекстанда бүгін атқарылып жатқанның бәрі осы квинтэссенцияда.

- Орталық Азияның табысты дамуы негізінен біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастық сапасы мен деңгейіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Сіз қазіргі қазақ-өзбек қатынасын қалай бағалар едіңіз?

Өзбек-Қазақ қарым қатынасы шындығында да Орталық Азияның орнықты дамуында үлкен маңызға ие. Сол үшін де біздің мемлекеттеріміз арасында стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойылуы кездейсоқтық деп айта алмаймын. Ол құжат сөзсіз барлық бағыттағы ынтымақтастық мәселелерімен толыққан. Біз басқалардай емес, өз заманымыздың ең күрделі кезеңдерінде өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалдық. Мемлекеттер арасында үлкен әрі салмақты конфликтілер орын алған жоқ. Біздің мемлекеттер басшыларының, олардың көрегендік саясатының арқасында күні бүгінге дейін Орталық Азияның басқа да мемлекеттерімен өңірдегі ынтымақтастыққа көрініс беретін өзара тиімді қарым қатынасты орната алдық. Мен Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде жариялап, бұл бастаманы әлемдік аренада ілгерілету, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде бекіту өңірлік мәнге ие болып қана қоймағанын, оның жаһандық деңгейдегі ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға көп септігін тигізгеніне сенімдімін.

Орталық Азияны дамыту туралы айта отырып, біз кез келген көліктік-коммуникациялық, энергетикалық сипаттағы ірі жобалардың өңір мемлекеттерінің белсенді әрекеттесуінсіз, олардың интеграциясының жоғары деңгейінсіз жүзеге асыру мүмкін емес екенін жақсы түсінеміз. Бүгінгі күні Орталық Азияның халықаралық энергетикалық және көліктік жобаларда басты ойыншы болып келе жатқаны  - бұл көбінесе осы өңірдегі мемлекеттердің белсенді сыртқы саясатындағы қызметтерінің нәтижесіне байланысты. Бірлескен жұмыстардың арқасында Орталық Азия Батысты Шығыспен, Оңтүстікті Солтүстікпен байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерінің қиылысына айналып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі күні Ұлы Жібек жолы жаңа базада қалпына келе бастады. Осыған байланысты мен Орталық Азия мемлекеттерін осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңдегідей Еуразия құрлығындағы басты көлік артериясының жүрегінде тұрмыз деп айтар едім.

Сонымен қатар Қазақстан Өзбекстанның маңызды экономикалық әріптестерінің қатарына кіретінін үлкен ыждаһаттылықпен айтып өткім келеді. Әрине, жаһандық қаржы дағдарысы елдер арасындағы тауар айналымының қарқынына әсер етпей қоймады. Әйтсе де біздің елдеріміздің ынтымақтастығында іске аспаған әлеуеттердің басым бөлігі осы салада екенін мойындауға тура келеді. Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен жұмыс істеп жатқан 230 кәсіпорын бар. Ал Қазақстанда біздің еліміздің резиденттерінің қатысуымен 130-ге тарта кәсіпорын жұмыс істеуде. Бұл көрсеткішті еселей түсуге де болатын еді. Тауар айналымын да бірнеше есеге арттыруға мүдделіміз.

null 

-  Соңғы кездері заманауи халықаралық саясатта «халықтық дипломатия» аталатын феномен белсенді дамып келеді. Бұл ғылым мен мәдениет, парламенттераралық байланыстар, өңірлердің тікелей қарым қатынасы, іскерлік орталардың араласуын білдіреді. Сіз біздің мемлекеттер, халық  арасындағы осы бағыттағы ынтымақтастықтың перспективалары туралы не айтар едіңіз?

Иә, шынында да қазіргі таңда халықаралық қатынастар тек үкіметтік және дәстүрлі дипломатиялық форматтар арасында тоғыспайды. Екіжақты байланыстардың тереңдігін айқындайтын маңызды фактор ретінде бүгінгі күні парламентаралық байланыстар, өкілетті билік органдары арасындағы байланыстар құбылысы белең алып отыр. Парламенттік дипломатия ұғымы да жайдан жай туған жоқ деп ойлаймын, олар мемлекеттер арасындағы қарым қатынастың маңызды ресурсын қамтып отыр. Бұл ретте әңгіме екіжақты қарым қатынастардың нормативтік құқықтық базасын жетілдірудегі парламентшілер рөлі тұрғысында ғана емес, олардың халық өкілдері ретіндегі мәртебесінде болып отыр. Сондықтан да олардың дауысы мен олар айтатын салмақты сөздерінің өзі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды факторы болып табылады.

Алдағы сапарға тоқталсақ, онда біздің елдеріміз арасындағы парламентаралық байланыстардың жаңа парағын ашатын жеке құжатқа қол қою күтіледі. Айта кетерлігі, жақында Өзбекстанның Өлий Мәжіліс Сенаты мен Заңнама палатасының бірлескен қаулысымен Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ құрылды. Біздің ойымызша, бұл аса маңызды мәселе, өйткені парламентшілер арасында тығыз байланыс орнату көптеген салалар бойынша ынтымақтастықты белсенді етудің катализаторы ретінде үлкен рөл атқарады. Мәселен, соның бірі өңіраралық байланысты дамыту. Осы бағытта жұмыстардың басталғаны да ерекше қуантады. Соңғы бірнеше айда Өзбекстанның бірқатар өңірлерінің Қазақстанға сапарлары орын алды. Қазақстаннан бізге де келіп жатыр. Ташкент делегациясы Алматыға барды,  ал бізге өз кезегінде Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысының делегациясы келген болатын. Мұндай  сапарлар барысында өңір өкілдері көптеген мәселеге қол жеткізгенін, соның ішінде бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтар жасалғанына қуаныштымын. Бұдан бөлек, мемлекеттер арасындағы, шекара маңындағы аудан тұрғындарының өзара араласуы үшін, мәдениет және білім беру саласында байланыстар орнатылатынына ерекше назар аудару керек. Мен екі мемлекет халқы жақын аралықта осындай ынтымақтастықтың нәтижесін жоғары бағалайтын болады деп ойлаймын.

Өткен жолы ғана Өзбекстанда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы болып қайтты. Сапар аясында Республикалық интернационалдық орталық өкілдерімен жемісті кездесулер өтті. Ұдайы байланысу және тәжірибе алмасу туралы уағдаластық жасалды.  Біз халықтық дипломатия туралы сөз еткенде, көбінесе мәдениет, ғылым мен білім саласының өкілдері арасындағы байланыс туралы ойлаймыз. Шындығында Өзбекстан мен Қазақстан арасында осы бағыттағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі бар деп сенемін.  Біздің сапарымыз барысында осы саладағы ынтымақтастықты жалғастырудың нақты механизмі туралы келісімге келе аламыз деп ойлаймын.

- Президент лауазымына кіріскеннен бастап Сіз Орталық Азия өңірін Өзбекстанның сыртқы саясатындағы басымдықтар ретінде белгіледіңіз. Сіздің ойыңызша Орталық Азияда өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін аса маңызды бағыттар қандай?
Біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі көршілес мемлекеттермен байланысты нығайта түсу болып табылады. Бұл табиғи ұмтылыс. Өйткені Өзбекстанның орнықты дамуы ең бірінші кезекте біздің өңірлік саясатымыздың қаншалықты дұрыс әрі жақсы жолға қойылғанына байланысты болып табылатыны сөзсіз. Осыны түсіну маңызды. Біздің бәріміз де Орталық Азия - бұл ғасырлар бойы ортақ географиялық, экономикалық және мәдени, рухани кеңістікте өмір сүрген біртұтас организм екенін жақсы білеміз. Өңір халқын толғандыратын мәселенің барлығын, әр мемлекет жеке дара өз бетінше шеше алмасы хақ. Мәселен, мемлекеттік шекараның делимитация және демаркация проблемалары, көліктік коммуникациялар, экология, су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану. Орталық Азияда су ресурстары ұдайы өткір мәселе болып келді, ал бүгінгі жаһандық жылымық жағдайында суды тұтыну арта түсіп, бұл проблема одан сайын асқынып отыр. Біз бүгінгі таңда өзара бірлесе отырып судың әрбір тамшысын сақтап қалу шараларын қамтамасыз ете алмасақ, бұл бізден кейінгі келешек ұрпақ алдындағы үлкен қылмысымыз болар еді.

Бұл ретте де әрбір мемлекет тіпті суды үнемдеудің ең озық технологиясын қанша қолданып бақса да, өз бетінше осынау проблеманы шеше алмайтынын баса айтқым келеді. Бұл мәселе бойынша біздің Қазақстанмен ортақ түсінігіміз қалыптасқан, біз осы бағытта бірыңғай стратегияны жүргізуге шақырамыз, мәселелерді шешу үшін бірыңғай халықаралық құқықтық нормалардың болуын қолдаймыз.

Өңірдегі үлкен ресурстарға ие болып, ауқымды басымдықтарды қамтып отырған басқа елдердің де ондай ресурстарды елден оқшаулана пайдалана алмайтынын да айта кетсем. Бір ел өзі жекедара әлемдік нарыққа энергоресурстарды жеткізе алмайды, көршілестерін айналып өтіп, тауарларын сыртқы таси алмайды. Сондықтан да, өзара келісу керек, сол арқылы көліктік ағындарды басқарудың бірыңғай интеграцияланған жүйесін құру қажет, жаңа көліктік дәліздер ашсақ та одан біздің барлығымыз да ұтарымыз анық.

Өңірлік ынтымақтастық мәселесіне қайта орала отырып, мен бүгінгі Өзбекстанның саясатын былай айқындайтын едім: өткір мәселелерден қашпай, ақылға қонымды компромистерді іздену керек. Қазақстандағы алда күтіліп отырған келіссөздердің күн тәртібінде өңірлік даму мәселелері де қамтылып отыр. Бұл негізінен қазіргі проблемаларды шешу жолдарын іздеу, өңірдегі ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға негізделген шаралар. Осының бәрі біз үшін бірінші кезектегі міндеттер болып табылады.

- Сіздің Президент Н.Назарбаевпен кездесуіңіздің күн тәртібінде өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелері де талқыланады. Осы бағытта Астана мен Ташкенттің қандай өзара іс қимыл перспективаларын атар едіңіз?

Бүгінгі халықаралық өмірде орын алып отырған негізгі проблемалар бойынша Өзбекстан мен Қазақстанның ұстанымыны басым жағдайда сәйкес келіп отырғаны анық. Біз сыртқы саясат аренасында бір біріміздің бастамаларымызға қолдау білдіріп келдік, қолдай беретін боламыз деп те сенемін. Біздің елдеріміз халықарлық деңгейдегі де, өңірдегі де қауіпсіздікке ерекше алаңдайды. Осы тұрғыдан алғанда біз өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың нығаюына ауқымды жасампаз жұмыстар атқарып жатқан Қазақстанның рөлін жоғары бағалайтынымызды білдіргім келеді. Бұл ретте Қазақстан тарапынан көптарапты ынтымақтастықты дамыту бойынша бастамашылық жасалған Азиядағы өзара  іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) атасақ та жеткілікті. Ал бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін трансұлттық қатерлерге келсек, біздің ойымызша оларға қарсы тұру халықаралық деңгейде де болу керек.  Менің пайымдауымша, маусым айында Астанада өтетін ШЫҰ отырысы, және осынау көпбағытты ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту бағытында да, трансұлттық қатерлермен күрес мәселелерінің тиімділігін арттыру үшін де үлкен мәнге ие болады.

Қауіпсіздік мәселесінде Өзбекстан мен Қазақстан ұдайы ШЫҰ мен басқа да форумдарды нақты әрекеттер бойынша қадам жасауға шақырып келеді. Біз қауіпсіздік проблемасы орнықты экономикалық дамумен, адамдарды толғандыратын мәселелерді дер кезінде шешумен тікелей байланысты екенін қашанда түсінеміз. Сондықтан да терроризм және радикализм секілді құбылыстармен күрес  тек қауіпсіздік шараларын белсенді етуді ғана қамтымай, орнықты экономикалық өсімді күшейту, кәсіпкерлікке еркіндік беру, адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру секілді шараларды күшейтумен байланысты болатынына мән беруіміз керек деп ойлаймын.  Біздің ойымызша, бұл қауіпсіз және орнықты дамуды қамтамасыз етудің алғашқы шарты.

Мемлекетіміздің өңірлік саясаты және көршілес елдермен қарым қатынасын интенсификациялау туралы айтқанда Өзбекстанмен шекараласатын Ауғанстанға назар аудартамыз. Шындығында бәріміз де Ауғанстандағы жағдайдың Орталық Азия елдері үшін белгілі бір қатерлер туғызатынын түсінеміз. Сондықтан да, Өзбекстан да, Қазақстан да ауған проблемасының тезірек реттелгенін қалайды.

Ауғанстанның бейбіт жолға түсуі көбінесе экономикалық дамуға байланысты, ал бұған біздің өңіріміздегі мемлекеттер қатыса алады және қатысуы да қажет. Әрине, мұнда Ауғанстандағы бірлескен инфрақұрылымдық жобалар да үлкен рөл атқарады. Соның ішінде өңірдегі елдердің Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы, Таяу Шығыс елдерінің портына шығаратын трансауғандық көлік дәлізі оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Менің ойымша өңірлік өзара әрекеттестіктер арқылы Ауғанстанда энергетикалық секторды дамыту, көліктік коммуникациялар секілді салаларда  бірлескен жобаларды жүзеге асыру осы елдегі бейбіт процесстің нығаюына үлкен рөл атқаратын болады.

-  ШавкатМиромонұлы, Наурыз мейрамына орай қазақстандықтарға тілегіңізді де білдіре кетсеңіз.

Осы жолғы Қазақстанға сапарымның Наурыз мейрамымен тұспа тұс келуінің терең символдық мәні бар. Наурыз - біздің ертеден келе жатқан ортақ, ұлық мерекеміз, ол Жаңа жылдың келгенін, жаңғыру мен жаңа өмірдің басталғанын білдіреді. Бұл күндері Қазақстан Конституцияға өзгерістер енгізіп, маңызды шешім қабылдап жатса, Өзбекстан да бес басым бағыт бойынша іс-қимыл Стратегиясын жүзеге асыра бастады. Ендеше біздің елдеріміз де жаңғыру мен жаңа даму табалдырығында тұр.

Біз шын көңілден Қазақстанның одан әрі гүлденуін тілейміз. Өзбек елінің үлкен досы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығындағы Қазақ елі «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы көздеген міндеттерге қол жеткізіп, әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінетініне сенімдімін. Бұндай ұлы мақсаттарға қол жеткізілетінінен еш күмән жоқ, сондықтан Қазақстан халқы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі деген сенімдемін.

Наурыз мейрамында әрбір қазақстандық отбасыға игілік, бақыт, бейбітшілік пен гүлденуді тілеймін.

- Құрметті Президент мырза, Сіздің мазмұнды сұхбатыңызға үлкен алғыс айтамыз!

Соңғы жаңалықтар