Шалқар көлін тазартуға 3 млрд теңге қажет - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Тағымов Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін сақтап қалуға республикалық деңгейде көмек керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда сенатор Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауалды жолдады.

«Ақтөбе облысы Шалқар ауданының аумағында Арал экологиялық дағдарысынан зардап шеккен аймақтың ауа райына қолайлы әсер тигізетін ерекше су айдыны - Шалқар көлі орналасқан. Қазіргі уақытта осы ерекше су айдыны апат алдында тұрғаны ашық мәселеге айналып отыр. Су құрылыстары мен бөгеттер, сорғы стансалары 1937 жылдан бастап 2012 жылға дейін бірде-бір жаңарту жұмыстары өткізілмегендіктен, апатты жағдайда болған. Салдарынан Шалқар көлі айдынының 30 пайыздан астам аумағы су өсімдіктерімен жабылған, ал көлдің түбінде 1,5 метр тұнба жиналған», - деп тоқталды Тағымов.

Оның сөзіне қарағанда, су қоры бұрын 25 млн текше метрді құраса, бүгінгі күні 6-7 млн текше метрден аспайтын су қалған. Тереңдігі бұрын 15 метрге жетсе, бүгінде 5 метрге дейін таяздаған. 2010-2012 жылдар аралығында Шалқар көлінің гидротехникалық құрылғыларын қайта құру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат толық игерілген. Алайда жергілікті бюджеттің мүмкіндігі жеткілікті болмағандықтан, техникалық-экономикалық негіздеменің кейбір талаптарын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру туралы ұсыныстар бірнеше рет салалық министрлікке жолданған.

«2017 жылы жаңадан техникалық-экономикалық негіздеменің әзірленуіне облыстық бюджеттен 30,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жобаға тиісті мемлекеттік сараптама жасалуда. Жобаның алдын ала құны 3 млрд 149,9 млн теңгені құрайды. Аталған су айдыны барлық Арал аймағы үшін қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын ары қарай жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде ықпал етуіңізді өтінеміз», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар